Парламент

Қ.Тоқаев НАТО Парламенттік Ассамблеясының делегациясын қабылдады

Сенат Төрағасы НАТО Парламенттік Ассамблеясының делегациясын қабылдады. Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үнқатысу жалғасуда, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы25 Маусым , 20:21

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев НАТО Парламенттік Ассамблеясы Қауіпсіздіктің азаматтық өлшемі жөніндегі комитетінің төрағасы Виталино Канаш бастаған делегациясымен кездесті. НАТО ПА делегациясының құрамына Португалия, Франция, Польша, Ұлыбритания, Грекия, Италия және Латвия депутаттары енді. 

Кездесуді ашқан Қ.Тоқаев Қазақстан аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында НАТО-мен ынтымақтастыққа зор мән береді, деп атап өтті. Төраға Қазақстан Парламенті НАТО Парламенттік Ассамблея қызметіне байқаушы ретінде қатысатынын және оның жыл сайынғы сессиясына тұрақты түрде қатысып келе жатқанына тоқталды. Ол сондай-ақ 2009 жылы Астанада НАТО ПА-мен бірлесе отырып, Еуроатлантика қауіпсіздігі, оған қоса Ауғанстан және Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Роуз-Рот семинары табысты өткенін еске салды. 

Қ.Тоқаев Президент Н.Назарбаевтың еліміздің жан-жақты жаңғыртуға бағытталған бес институттық реформасы, сондай-ақ қазақстандық парламентаризмнің дамуы мен Сенат қызметі туралы айтты.

Өз кезегінде В.Канаш Қазақстан НАТО ПА-ның Орталық Азиядағы ең жақын әріптесі екенін, сондықтан ұйым қазақстандық парламентшілермен байланысты одан әрі нығайтуға ниеттеніп отырғанын атап өтті. Француз сенаторы Жоэль Гаррио-Мейлам Франция Сенатының Төрағасының сәлемін жеткізіп, бейбітшілікті нығайту жолында парламентаралық үнқатысу мен парламенттік дипломатияның маңызы туралы пікір білдірді. Ол аумақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады. Францияның басқа депутаты Жан-Мишель Вийом Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі және Украинадағы шиеленіскен жағдайды реттеудегі Қазақстанның рөлін ерекше бөліп айтты.

Кездесу барысында Еуропадағы босқындар, терроризм және экстремизммен күрес, халықаралық парламенттік ұйымдар мәселелері бойынша пікір алмасылды.

 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика