Өңірлер

ҰКП ЕАЭО аясында ықпалдасқан бақылау жүргізуді ұсынды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сапасыз тауарлардың өтіп кетпеуін қадағалау мақсатында Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қырғызстан шекараларының бойындағы тауар айналымына ықпалдасқан бақылау орнатуды ұсынды, деп хабарлайды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Астана қаласы25 Маусым , 17:24

«Біздіңше, кедендік бақылаудың жоқтығынан «көлеңкелі» тауар айналымы өсіп отыр. Бірыңғай аймақ аясында нарық субъектілері мен жекелген тұлғалар кедергісіз тауар алып өтуге болатындығына көз жеткізді, ал рубльдің девальвациялануы кезінде мұндай әрекеттер Қазақстан аймағында өте тиімді, өйткені, қосымша құн салығы төленбейді. Бұған қоса, еліміздің аймағына қауіпсіздік талаптарына және жалпыға бірдей ұлттық техникалық регламенттерге сай келмейтін тауарлар көптеп келуде. Қазір сапасыз тауарлардың салдарынан тұтынушылардың өмірлеріне қауіп туып отыр. Осыған байланысты, біз Үкіметті аталған жағдайдан, сонымен қатар сапасыз өнімдерді бақылаудың әлсіз болып тұрғандығынан хабардар еттік. Осы кезде біз Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қырғызстан шекараларының бойындағы тауар айналымына ықпалдасқан бақылау орнатуды ұсынып отырмыз. Өйткені, Қырғызстан 1-шілдеден бастап, ЕАЭО-тың толыққанды мүшесі болады. Біз сонымен қатар санитарлық, кедендік, фитосанитарлық бақылауды да алып тастадық»,-деді Р.Ошақбаев.  

Оның сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы заңнама аталған бақылауларды жүзеге асыруға толықтай мүмкіндік береді.  

«Ветеринария, техникалық реттеу, санитарлық-эпидемиологиялық салалардағы сияқты ұлттық құзырдағы принципті нормалар бар, олар әрине, ұлттық заңнама негізінде шешіледі. Сондықтан, біз айтып отырған мәселеде ешқандай да кедергі жоқ, оның үстіне біз Премьер-Министрден де оңды жауап алдық. Мемлекеттік комиссияның өзінде контрафактілік өнімдерді бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы шешім қабылданды. Осы комиссияның аясында біздің ұсыныстарымыз қаралып, олар жүзеге асырылатын уақыт та келеді деген үміттеміз»,-деді ол.     

Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының мәжілісі өтті және оған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен осы Президиумның төрағасы Тимур Құлыбаев және бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысты. Мәжіліс барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысына қатысты кәсіпкерліктің қазіргі жағдайы, мемлекеттік сатып алумен байланысты заңнамаларға өзгерістер енгізу сияқты өзге де негізгі деген мәселелер қаралды

Анар Тәңірқұлова  

 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика