Халықаралық интеграция

Б.Сағынтаев: ҚР мен ҚХР-дың өзара қатынасы жаңа деңгейге көтерілді

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астанаға жұмыс сапарымен келген Қытай коммунистік партиясының ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Чжан Гаолимен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты.
Астана қаласы25 Маусым , 15:36

«Қытай қашанда біздің сыртқы саясатымыздағы ең маңызды басымдықтарымыздың бірі болып келді және бола бермек. Екі ел арасындағы өзара қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, жан-жақты стратегиялық сипатқа ие болды. Біздің ортақ жетістігіміздің кепілі жоғары деңгейдегі саяси диалог болды», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев кездесу басында.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасарының айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы үйлесімді бірін бірі толықтырып, екі елдің өзара тиімді әріптестігіне жаңа перспективалар ашады.

Келіссөздер барысында тараптар екі жақты ынтымақтастық мәселесін талқылады. Атап айтқанда, өндірістік қуаттарды ҚХР-дан Қазақстанға көшіру, ауқымды көлік жобалары аясындағы іс-қимыл, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Қытайға дәстүрлі қазақстандық өнімдер экспортын (мыс, феррохром, темір кенді түйіршіктер, болат прокаты және т.б.) ұлғайту мәселелері қаралды.

Қытайдың шығыс және оңтүстік-шығыс провинцияларының жоғары экономикалық және инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ ШҰАӨ-нің экономикалық маңыздылығы артып келе жатқанын ескере отырып, Қазақстан ҚР мен ҚХР Өңіраралық ынтымақтастық форумын құруды ұсынады.

Бақытжан Сағынтаев пен Чжан Гаоли мәдени-гуманитарлық салада, студенттермен және тағылымдамадан өтушілермен алмасуда екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түскеніне тоқталды. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында 12 мыңға жуық қазақстандық студенттер мен оқушылар білім алуда. 2015-2016 оқу жылына қытайлық тарап қазақстандықтарға арнап 59 грант бөліп отыр. Қазақстан отандық ЖОО-ларда білім алу үшін 83 грант бөлді.

 




Яндекс.Метрика