Білім беру

ЭЫҰ ҚР мектептеріндегі білім беруді жетілдіру үшін қажетті үш кеңес берді

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) Қазақстан мектептеріндегі білім беруді жетілдіруге бағытталған 3 негізгі деген кеңестерді берді, деп хабарлайды «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ президенті Серік Ерсалиев Астанада өткен конференция барысында.
Астана қаласы 25 Маусым, 11:06

«Мемлекет басшысы ЭЫҰ-ның стандарттарына сәйкес болуы туралы тапсырма берді. Ол үшін біз ЭЫҰ-мен 8 бірлескен жобаны жүзеге асырудамыз. Олардың бірі мектептегі білім беруге бөлінген ресурстарды зерттеудің тиімділігімен байланысты. ЭЫҰ-ның сарапшылары екі жыл бойына аталған мәселені зерттеген болатын»,-деді С.Ерсалиев.

Оның сөзінше, мектептегі білім беруге бөлінген қаржы жеткіліксіз. Сондықтан ЭЫҰ-ның бірінші кеңесі ішкі жалпы өнімдегі білім беруге бөлінетін қаржы көлемін арттыру болып отыр. «Бірінші кеңес ішкі жалпы өнімдегі білім беруге бөлінетін қаржы үлесін арттыру. Бүгінгі таңда бізде бұл бағытқа ішкі жалпы өнімнің 3,6-3,8 пайызы бөлінеді, мемлекеттің асығы алшысынан түсіп тұрған кездерде 4,1 пайыз бөлінген кездері де болған. Ал ЭЫҰ бұл межені 5-6 пайызға жеткізуді ұсынып отыр. Алайда, бұл мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері мен елдің саяси басымдықтарына байланысты мәселе»,-деді президент.   

Екінші кеңес, ресурстарды пайдалануды тиімді бақылау мен басқару әлеуетін арттырумен байланысты болып отыр. «Мемлекет қандай да бір қаржы бөлетін болса, оны тиімді пайдалана да білу керек. Бұл жерде сарапшылар бөлінген қаржының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін бірнеше жәйттерді тапты»,-деді акционерлік қоғам президенті.     

Үшінші мәселе, білім берудегі теңдікпен байланысты. ЭЫҰ үлгерімі төмен мектептер бойынша білім беру саясатына өзгеріс енгізуді ұсынды.  

«ЭЫҰ елдерінде білім беру жүйесі әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істейді. Олар ең жақсы оқитын бала мен үлгерімі ең төмен баланың арасындағы алшақтықтың үлкен болмауын қадағалайды. Азаматтың жақсы, талапқа сай әлеуеті болған жағдайда мемлекет те сәтті дамиды. Біз қазір осы мәселе бойынша Финляндия елінің тәжірибесінен мысал келтіре аламыз, онда мықты оқитын оқушы мен нашар оқитын оқушының арасындақы алшақтық ең көп дегенде 10 пайызды құрайды. Бізде Қазақстанда бірыңғай ұлттық тестілеу шарасының нәтижелерімен есептейтін болсақ, алшақтық 100 пайызды құрайды. Жыл сайын сынақты 0 балға және 125 балға тапсыратын оқушылар шығады. Бұл өте үлкен алшақтық, біз нашар оқитын оқушылардың жақсы оқитын оқушылардың деңгейіне деген ұмтылысын қамтамасыз етуіміз қажет. Бізде қазір, «Назарбаев мектептері» желісі,  дарынды балаларға арналған «Дарын» мектептері бар, басқаша айтқанда бізде балалардың дамуы үшін көп жағдайлар жасалған. Енді, қазір өзге балалардың мықты оқитын балалаарға теңесуіне мүмкіндік беретін алаң қалыптасып келеді. Бұл ЭЫҰ мен Бүкіләлемдік банктің  негізгі деген кеңестері, яғни біз өзгелерден қалып бара жатқан мектептерге көп көңіл бөлуіміз қажет»,-деді С.Ерсалиев.

Айта кететін мәселе, Қазақстанда «100 қадам» Ұлттық жоспары жүзеге асырылуда, оның 7 қадамы білім беру мен ғылым саласына қатысты. ЭЫҰ-нгың кеңестері осы қадамдарды жүзеге асыру барысында да қолданылатын болады.   

Анар Тәңірқұлова

Суретті түсірген Азамат Әлиев





Яндекс.Метрика