Өңірлер

Макинск құс фабрикасы жылына таза салмақта 60 мың тонна құс етін өндіреді (Фото)

Ақмола облысы Бұланды ауданы Байсуат ауылында Макинск құс фабрикасының құрылысының басталуына арналған іс-шара өтті, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Ақмола 25 Маусым, 09:11

Шараға Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, «Айтас» компаниялар тобының құрылтайшысы Серік Толықпаев, жергілікті атқару органдарының өкілдері, ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, сондай-ақ, құс фабрикасының құрылысымен айналысатын жобалық топтың мүшелері қатысты. Осы күні құрылыс басталуының символы ретінде жобаның тұсаукесері - ең алғашқы қазығы қағылды.

Өз кезегінде өңір басшысы бұл жобаның облыс үшін де, жалпы ел үшін де маңызының жоғары екенін атап өтті.

«Бүгінде Ақмола облысы астана тұрғындары үшін азық-түліктің ең негізгі жеткізушісі болып табылады. Өңір Астана нарығын сүт өнімімен 45%, ет өнімімен 49 %, жұмыртқа, картоп және ұн өнімімен 100% қамтамасыз етеді. Бүгінгі жобаны жүзеге асыру бас қала тұрғындарын қосымша құс етімен жабдықтап, Астана аймағындағы азық-түлік белдігін әрі қарай дамытуға зор үлес қосады деген сенімдемін» - деп атап өтті әкім.

Қуаттылығы тірі салмақта жылына 60 000 тонна болатын Макинск құс фабрикасы 2015-2019 жылдар аралығында салынатын болады. Жобаға құйылған жалпы инвестиция көлемі шамамен 32 млрд теңгені құрайды. Құс фабрикасын салу жаңадан 700 жұмыс орнын ашуға көмектесіп, Бұланды ауданының қуатпен және сумен жабдықтау жүйесін жақсартады және өңірдің шағын және орта бизнесін дамытуға септігін тигізеді деп болжануда.  Құрылыс екі кезекте жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезектің іске қосылуы (жылына тірі салмақта 30 000 тонна) 2017 жылдың қазан айына, екінші кезектің (тірі салмақта жылына 60 000 тонна) пайдалануға берілуі 2019 жылдың маусым айына жоспарлануда.

Ең алдымен инкубатордың құрылысы салынатын болады, бройлерлерді өсіру бойынша әрқайсысында 6 тауық күркесі бар 8 алаңқай, құс өңдеу бойынша зауыт, қалдықтарды өңдеу бойынша бөлім, құс нәжісін буу және шаруашылық алаңқайлары, технологиялық қондырғылар алынатын болады. Екінші кезек 48 тауық күркесінің құрылысын салу мен инкубатор, құс күркелері және құстарды өңдеу бойынша зауыт үшін қосымша қондырғылар сатып алуды көздейді.    

Барлық жобаларды жүзеге асыру барысында аттары әлемге танымал ең үздік қондырғылар мен жаңа технологиялар қолданылатын болады. Өндірістің қауіпсіздігі мен сапалы әрі пайдалы өнім шығаруға мүмкіндік беретін экологиялығына көп көңіл бөлінеді. Оған қоса, компания Ақмола облысында қуаттылығы сағатына 30 тонна болатын жем-шөп дайындау зауытының құрылысын салуды жоспарлауда.





Яндекс.Метрика