Парламент

Мәжіліс зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөнінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне түзетулерді мақұлдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Астана қаласы24 Маусым , 11:26

«Заң жобасында зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгертіліп отыр. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгеретін болады. Базалық зейнетақы азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан аз және еңбек өтілі болмаған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 50%-ына тең болады. 10 жылдан артық еңбек өтілінде әрбір жыл үшін 2%-ға артып отырады. Бірақ, еңбек өтілі 35 және одан да көп жыл болған жағдайда зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-нан аспауы тиіс»,-деді сөз басында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.  

Бұдан басқа, қосымша 5% мөлшерінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу көзделген.
Бұл жарналар азаматтардың меншігі болып саналмайды және әрбір қызметкердің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған шартты зейнетақы шотында тіркелетін болады.
Мұндай зейнетақы төлемдеріне құқық атына шартты зейнетақы шоты ашылған, кемінде 60 айға ЖМЗЖ аударылған, зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі мерзімсіз боп белгіленген І және ІІ топтардағы мүгедектерге беріледі.

Жекелеген санаттағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру қарастырылады. 
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күш құрылымдарының барлық қызметкерлерін толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға көшіру көзделген. 

Ұсынылып отырған шаралар жиынтық зейнетақының экономикадағы орташа айлық жалақымен арасалмағын Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған (40% кем емес) деңгейде қамтамасыз етуге және сақтауға мүмкіндік береді. 

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Заңының жобасы 2014 жылы 18 маусымдағы ҚР Президентінің бекітілген Жарлығына сәйкес 2030 жылға дейін ҚР зейнетақы жүйесін жаңғырту конвенциясын жүзеге асыру аясында  жасақталды. 

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика