Халықаралық интеграция

Г.Әбдіқалықова АҚШ-тың жаңадан сайланған елшісімен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Альберт Кролмен кездесті.
Астана қаласы23 Маусым , 12:11

ҚР Мемлекеттік хатшысы АҚШ Елшісін тағайындалуымен құттықтады және жаңа лауазымы біздің елдер арасындағы жан-жақты әрі жемісті ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына мүмкіндік туғызатынына сенім білдірді.

Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының бастамасы бойынша Қазақстанда бес институционалдық реформаны жүргізу, Ұлт Жоспары - «100 нақты қадамды» іске асыру жұмыстарының басталғанын атап өтті. Қолға алынған іс-шаралар еліміздің саяси жүйесін жаңартуды және экономикамыздың орнықты өсуін қамтамасыз етіп, «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі мақсаттарына қол жеткізуге, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруге ықпал етуі тиіс.

Кездесу барысында  мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытудың, толеранттық қоғамды, полиэтникалық және көпконфессионалдық құндылықтарды ілгерлетудің, әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастықтың  өзекті мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасылды.

Бірлескен жұмыс келесі маңызды бағыттармен жүргізілуде: қауіпсіздік пен өңірлік ынтымақтастық, ядролық қаруды таратпау,  «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі, ЭКСПО-2017, әскери және ғылыми-техникалық ынтымақтастық, құқыққорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл аясында сауда-экономикалық және инвестициялық өзара қарым-қатынасты жандандыру.

2014 жылы ҚР мен АҚШ арасындағы сауда айналымы  2,4 млрд. долларды құрады. Қазақстан экономикасына салынған америкалық инвестицияның жалпы көлемі  21 млрд. АҚШ доллардан асып түсті, республикада америкалық капиталдың қатысуымен 470-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Тараптар Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылы АҚШ-қа жасаған сапары барысында қол қойылған ҚР-АҚШ ғылыми-техникалық ынтымақтастығы туралы Келісімнің негізінде білім және ғылым  саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік танытты.

 Бүгінгі таңда қазақстандық жоғары оқу орындар америкалық 30-дан астам білім және ғылым орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан. Аталған бағытта бірқатар америкалық жоғары оқу орындары, Карнеги-Меллон, Дьюка Университеті, Питсбург және Гарвард университеттерімен мтиімді қарым-қатынастар орнатқан «Назарбаев университет» АҚ-ға маңызды рөл берілуде. «Болашақ» бағдарламасы бойынша  АҚШ-та 1840 жүлдегер білім алды, 590-нан астам стипендиант оқуларын жалғастыруда.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық серіктестік рухына толық сай келетін жоғары деңгейін атап өтті.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика