Халықаралық интеграция

Варшавада қазақстандық-польшалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды (ФОТО)

Варшавада Қазақстанның Польшадағы елшілігі «5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында қазақстандық-польшалық ынтымақтастық мәселесіне арналған мәжіліс ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Әлемде 23 Маусым, 12:08

Мәжіліске Польшаның бұрынғы Премьер-Министрі Казимеж Марцинкевич, депутат Томаш Маковский, Парламент Сенатының заңнамалық жұмыстар комитетінің төрағасы Петр Жентарский мен ірі Польша компанияларының жетекшілері қатысты.    

Мәжіліске қатысушылар Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі мен ұлттық экономикасын жаңғырту жағдайындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағын сөз етті. Сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті нығайту мақсатында «KZ-EURO-PL» Еуразиялық палатасының аясында нақты келісімдерге қол жеткізілді. Палата құрамына машинақұрылысы саласындағы   (Famur, Kopex, Pol-Mot, KGHMZanam, Unimot), аграрлық саладағы (Pronar, Arno, Ursus, Uni-Masz), құрылыс саласындағы (WaimeaHolding, Selena, Warbud, Budmat, Unibep), энергетика саласындағы (Synthos, ExaloDrilling, DuelFuel) сияқты өзге де компаниялар кіреді. Олардың жалпы саны 70 астам компанияны құрап отыр. Палата жұмысын К. Марцинкевич үйлестіретін болады.

Еуразиялық палата Қазақстанның Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қазақстандық-польшалық бірлескен «KZ-EURO-PL» ілкі жобасын жүзеге асыруға атсалысады. Еліміздің Польшадағы елшісі Ерік Өтембаевтың айтуынша, екіжақты келісім талаптары бойынша, бұл бағдарлама Қазақстанда кластерлерді дамыту бойынша инвестициялық әріптестікті және «Әл-Фараби -Коперник» халықаралық инновациялық орталық қызметін және ынтымақтастықтың екіжақты саларалық бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.   

 

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика