Адамзаттық капитал

Қызылорда облысының әкімі ІІМ ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан полициясы күні» мерекесіне орай ішкі істер органдары саласында сан жылдар бойы қызмет етіп, қылмысқа қарсы күрес шараларының сапасын арттыруға жұмсаған бір топ ішкі істер органдарының ардагерлерін қабылдап, алдағы мерекелерімен құттықтады, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Қызылорда23 Маусым , 10:08

Сонымен қатар, кездесу барысында Қ.Көшербаев жас полиция қызметкерлеріне үлгі-өнеге көрсетіп, жас қызметкерлерді тәрбиелеуге ат салысқандары үшін ішкі істер органдарының бір топ ардагерін  Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хатымен»  марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Жалпы қоғамдық тәртіптің сақталу жолында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, Қызылорда облысы ішкі істер департаментінен құрметті еңбек демалысына шыққан 1436 ардагер бар. Ардагерлердің атынан ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Мылтықбай Пеисов көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Айта кетейік, соңғы екі жылда ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың көлемі 6 есеге өсті. Биылдың өзінде, қаржы тапшылығына қарамастан, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын арттыруға 1 млрд теңге қаржы бөлінді.

Өткен жылы ІІД-не 100 арнайы жабдықталған УАЗ авткөлігі беріліп, бүгінде қаладағы барлық учаскелік пункттер қызметтік көлікпен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, құқықбұзушылықтың алдын-алуын күшейту мақсатында көшелерде қосымша бейнебақылау камералары орнатылып, тек қана Қызылорда қаласының өзінде бейнебақылау камераларының саны 243-ке жетті. 

Соңғы 5 айда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар - 4,7 пайызға, ал көшелерде жасалған қылмыстар 2,1 пайызға кеміді. Облыста қылмыстың алдын алу мәселесіне тұрақты көңіл бөлініп келеді. ҚР Бас прокуратурасы  былтыр Қызылорда облысын еліміздегі ең қауіпсіз аймақ деп таныды.

 

 




Яндекс.Метрика