EXPO-2017

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК қайта ұйымдастырылды

Астана қаласы әкімі, «Астана ЭКСПО–2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілістің қорытындысы бойынша компанияның жаңа ұйымдастыру құрылымы таныстырылды, деп хабарлады ұлттық компания.
Астана қаласы23 Маусым , 09:23

Ә. Жақсыбеков компания ұжымына басқарма төрағасының жаңа орынбасары Марлен Жакежановты таныстырды. Ол заңгерлік департамент, тәуекел менеджменті және корпоративтік басқару, бухгалтерлік есеп және есептілік, экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің жұмыстарына жетекшілік ететін болады.

Ұйымның жаңа құрылымына сәйкес басқарма төрағасының орынбасары Владимир Лютовтың міндетіне сәулет, құрылыс, қауіпсіздік, жаңа технологиялар және IT мәселелері кіреді. Сатып алулар, нысандарды пайдалану және операциялық қызметтерге басқарма төрағасының орынбасары Алмас Жаманбеков жауап береді.

Басқарма төрағасының орынбасары Вера Кобалия көрмені жұртшылық арасында кеңінен таныту, халықаралық қатысушылар мен туристерді тарту, коммерцияландыру және демеушілік, контет және көрмеден кейін нысандарды пайдалану мәселелеріне жетекшілік ететін болады.

Александр Суворов өз еркі бойынша басқарма төрағасы орынбасарының қызметінен босатылды.

Біріктірілген бірқатар құрылымдық бөлімшелерді есептемегенде, ұлттық компанияның департаменттері өзгеріссіз қалдырылды.

Сондай-ақ, аппараттық мәжіліс шеңберінде көрмені жұртшылық арасында кеңінен таныту, Тіркеу құжаттамасына сәйкес демеушілерді тарту, халықаралық қатысушылармен келісім-шарттар жасасу, Елбасының тапсырмасы аясында корпоративтік қатысушыларды - әлемдік брендтерді, инновациялық «жасыл» технологиялардың көшбасшыларын тарту және жергілікті мазмұнды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

 

 




Яндекс.Метрика