Ұлттың денсаулығы

Ұлттық ғылыми медициналық орталық «Еуропаның сапа көшбасшысы» марапатына ие болды

Ұлттық ғылыми медициналық орталық кезекті мәрте әлемдік деңгейдегі клиника ретінде танылды. Емдеу мекемесі мен оның төрағасы, профессор Абай Байгенжин «Еуропаның сапа көшбасшысы» марапатына ие болды. Жүлдені табыс ету шарасы Грекия астанасында болып өтті, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.
Әлемде22 Маусым , 20:08

Аталған марапатты жыл сайын Еуропалық сапа жөніндегі ұйым тағайындайды. Ол барынша жоғары өнімділікке ынталандыруға және сапаны насихаттауды қолдауға арналған. Жүлденің ерекшелігі, ол бірінші кезекте менеджментті жақсартуға қол жеткізген ұйым жетекшісінің еңбегін бағалайды.

Айта кету керек, Ұлттық ғылыми медициналық орталық халықаралық аккредиттеуден өткен. Орталықтағы емдеу жүйесіне бес рет Еуропалық сапа менеджменті қорының жұлдызы берілген.   

«Бұл жетістікке жетуде еліміздегі денсаулық сақтау жүйесіне ерекше көңіл бөлетін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор»,-дейді Абай Байгенжин. Денсаулық сақтау саласының дамуына, елімізде және шетелдерде мамандар даярлауға жыл сайын ауқымды қаражат бөлініп келеді.      

Бүгінгі таңда клиникада 1153 адам еңбек етеді, олардың ішінде 23 ғылым докторы және 32 медицина ғылымдарының кандидаты бар.      

2012 жылдан бері Ұлттық ғылыми медициналық орталық базасында Республикалық транплантология үйлестіру орталығы жұмыс істеуде. Клиникада туыстық және мәйіт донорлардан бауыр және бүйрек алмастыру оталары табысты іске асырылуда. Медициналық туризм дамуда. Сондай-ақ, дің жасушылары бойынша халықаралық ғылыми зерттеу жүргізілуде. Бұл жобалар орталық 2003 жылдан бері айналысып келе жатқан жасуша технологияларын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтті.        

2010 жылы Ұлттық ғылыми медициналық орталық «Медицина саласындағы Еуропаның үздік кәсіпорны» сертификатын алды. Клиника 2012 жылы Азияның сапа жүлдесіне (Гонконг) лайықты деп танылды. Ал 2014 жылы медицина саласында инновациялық технологияларды ендіргені үшін «Парыз» ұлттық жүлдесінің иегері атанды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін медицина саласындағы көрнекті жетістіктері үшін орталыққа Наполеон меделі, ал басқарма төрағасы Абай Байгенжинге «Медицина маршалы» атағы берілген болатын.  




Дерекнама

Яндекс.Метрика