Жұмыспен қамту мен еңбектің жаңа саясаты - Қазақстан – Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

ҚР-да «Сәтті қадам» жобасына қатысу үшін құжаттар қабылдана бастады (Фото)

Ағымдағы жылдың 22 - маусымынан бастап еліміздің барлық аймақтарында жастардың тағылымдамадан өтуін ұйымдастыратын «Сәтті қадам» партиялық жобасының жаңа кезеңіне құжаттарды қабылдау басталды.
Астана қаласы 22 Маусым, 19:34

Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен баспасөз мәслихатында «Жас Отан» Жастар қанатының Төрағасы Нұрлан Сыдықов айтып өтті: «Біз бұл жобаны 3 жылдан бері іске асырып келеміз.

Осы аралықта еліміздің алдыңғы қатарлы жұмыс орындарында 1000-ға жуық ЖОО-ның түлектері тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды, олардың 60-ы тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. «Сәтті қадам» жобасы жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болған жастар үшін керекті әлеуметтік саты болып табылады. «Нұр Отан» партиясы бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі. Біздің 2020 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» жастар жетістік жолы» бағдарламасында аталмыш мәселеге қатысты іске асыратын толық шаралар жинағы  қарастырылған».

Ағымдағы жылы көпшіліктің сұрауы бойынша байқауға арнайы оқу орындарын тәмамдаған түлектерде қатыса алады. Бұл бағытта колледжді бітірген түлектерді қабылдауға дайын жұмыс берушілермен қосымша меморандумдарға қол қойылды.

Аталған жобаның қатысушылары еліміздің ең ірі ұлттық компаниялары: «Бәйтерек» ҰБХ», «Парасат» ҰҒТХ», «KAZNEXInvest» АҚ, «BI-Group» Холдингі, «Халықаралық бағдарламалар орталығы», «Астана Innovations», «Қазақстан Ғарыш Сапары»ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚТЖ» АҚ мен мемлекеттік органдарында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.

Осы жылы 22-маусым мен 31-шілде аралығында «Сәтті қадам» жобасына қатысуға ниет білдірушілерге құжаттарды қабылдау бойынша жаңа кезең өткізіледі. Байқаудың талаптарынан сүрінбей өткен үміткерлер сұхбаттасуға шақырылады.

«Мен 2013 жылы оқуымды тәмамдадым. Бірден жұмыс іздеген жоқпын.  «Сәтті қадам» жобасы туралы естіген бойда бағымды сынап көргім келді. Сұхбаттасу кезінде Көлік және коммуникация министрлігіне барғым келетіндігін бірден айттым. Себебі, ол менің мамандығыма сәйкес еді. Тағылымдамадан 3 ай өткеннен кейін маған сол жерде қалуды  ұсынды. Қазіргі таңда мен автокөлік құралдары бөлімінің бас маманы ретінде қызмет атқарамын», - деп жобаның алғашқы түлегі Назгүл Мұздыбаева тағылымдамадан өткен кезеңін баяндап берді.

 





Яндекс.Метрика