Парламент

Сенат комитетінде Азаматтық процестік кодексінің жобасы мен ілеспе құжат қаралды

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында Азаматтық процестік кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Астана қаласы22 Маусым , 17:04

Сенаттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, құжат Құқықтық саясат тұжырымдамасын және Судьялардың VІ съезінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау үшін, сот ісін жүргізуді және азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген болатын.

Істі сот талқылауына дайындау кезеңінде ауқымды мәселелерді шешу көзделіп отыр. Олар: дәлелдемелерді ұсыну, талаптың нысанасы мен негіздемесін өзгерту, қарсы талап беру, алдын ала сот отырысын өткізу болатын. Осыларға байланысты істі дайындаудың мерзімдері ұзартылды.

Дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібіне, сотта татуласу рәсімдеріне назар аударылған. Сот медиациясы және партисипативтік рәсім енгізіледі. Партисипативтік рәсім кезінде кәсіби өкіл-адвокаттардың рөлі жандана түседі, тараптардың татуласуына кедергі келтіретін, ісіне ыждағатсыз қарайтын адвокаттардың қызметіне тыйым салынады. Міндетті түрде жоғары заң білімі бар басқа адамдардың өкіл ретінде сотта қатысуына жол беру туралы ережелер сақталады.

Процестің бастапқы кезеңдерінде тараптардың келісім жасасуын ынталандыру үшін мемлекеттік бажды қайтарудың сараланған тәсілі көзделген.

Оңайлатылған іс жүргізуде бұйрық арқылы іс жүргізудің қолданылу аясы кеңейтілді және істерді жазбаша іс жүргізуде қарау көзделеді.

Міндеттердің орындалмағаны, процеске қатысатын адамдардың құқықтарын асыра пайдаланғаны үшін құқықтық салдарлар регламенттелді.

Ерекше іс жүргізуде баланы қайтару туралы, балаға қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы, кәмелетке толған баланы толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы және басқа да арыздарды қарау туралы бөлімдер әзірленді.

Сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету, қағаз рәсімдерін қысқарту, процестік емес қатынастарды барынша азайту үшін ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Жоғарғы Сотта алқа құру және Астана қаласы сотының мамандандырылған құрамын жасақтау арқылы инвестициялық дауларды қарау жөніндегі соттардың мамандануы енгізіледі. Инвестицияларды құқықтық қорғаудың жаңа деңгейі бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасайды, инвесторлардың қазақстандық сот төрелігіне сенім артуына оң әсерін тигізеді деген пайым бар.

Процестің бастапқы кезеңдерінде сот актілерін тексеруге құқықтардың іске асырылуына жағдай жасау үшін шағымдану мерзімі 15 күннен 1 айға дейін ұзартылды.

Мәні бойынша қаралмаған істерді қоспағанда, істерді апелляциялық сатыда қарауды үш судьядан тұратын алқалы құрам жүргізеді.

Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасымен кейбір істер санаттары бойынша дауларды реттеудің сотқа дейінгі міндетті тәртібі белгіленеді.

«Адвокаттық қызмет туралы» және «Нотариат туралы» Заңдарға татуласу рәсімдері бойынша өзгерістер енгізіледі. Бұдан басқа, нотариустарға атқарушылық жазбалар жасау құқығы беріледі.

«Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) енгізілетін өзгерістер тараптардың татуласуы кезінде мемлекеттік бажды қайтаруға байланысты.

Кодекс жобасында инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі соттардың мамандануын белгілеу инвестициялауды жүзеге асыратын адамдарды саралау өлшемшарттарын заңнамалық бекітуді талап етеді, бұл инвестициялық даулар бойынша соттылықты белгілеу кезінде анықтаушы фактор болады. «Ірі инвестор» деген ұғымға заңнамалық тұрғыдан анықтама беру ұсынылады.

Заңнаманы Кодекс жобасына сәйкес келтіру мақсатында 18 заңнамалық актіге өзгерістер енгізіледі.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.




Яндекс.Метрика