Білім беру

Алматы мектептерінің 7902 түлегі «Кәмелеттік аттестат» алды

Алматыда жалпы орта білім беретін мектеп түлектерінің жыл сайынғы дәстүрлі «Жас түлек» фестивалі өтті, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Алматы қаласы22 Маусым , 08:37

Алматы әкімі Ахметжан Есімов «Алтын белгіні» 225 түлекке және жетім балаларға, мүгедектер мен тұрмысы төмен отбасы балаларына 34 білім грантын табыстады. Жалпы биыл орта білім туралы аттестатты алматылық 7902 түлек алды.

Мегаполис басшысы жиналғандарды оқудың аяқталғанымен құттықтап, алматылық оқушылардың ҰБТ тапсырудағы жетістіктерін атап өтті. Алматы осымен төртінші рет Қазақстандағы ең үздік орта білім беретін қала атанып отыр. Қалада ҰБТ тапсыру деңгейі 92,1 балл болса, ал республика бойынша орта көрсеткіш 79,4 балл деңгейінде.

«Алматыда білім саласын жетілдіруге жоғары деңгейде ден қойылған. Қала бюджетінің 20% осы салаға жұмсалады. Балабақшалар, мектептер салынып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұғалімдердің материалдық жағдайы жақсаруда. Мұның бәрі жақсы нәтежие беруде. Әдеттегідей шаһар түлектері ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетті. Сондықтан, ерекше алғысымды ұстаздар мен ата-аналар қауымына білдіремін. Біз сіздердің ұдайы қолдауларыңыз бен тәрбие берулеріңіздің, ерен еңбектеріңіздің арқасында осындай жетістікке жеттік», - деді Ахметжан Есімов.

Сонымен, биыл жергілікті бюджет қаржысынан 1500 педагог сыйақы алады, олардың ішінде 1000 жас маманға 150 мың теңгеден, білім беруде жоғары көрсеткішке жеткен 500 үздік педагогқа 300 мың теңгеден беріледі. Өткен жылы мұғалімдердің сыйақысына қала бюджетінен 300 млн. теңге бөлініп, 1000 үздік педагог 300 мың теңгеден сыйақы алды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда түлектердің 77 пайызы «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеді, ал республика бойынша бұл көрсеткіш - 52%. 78 оқушы 120 балл алса, №90 лицейдің түлегі Анастасия Яковлева абсолютті нәтиже - 125 балл жинады.

«Жас түлек» фестивалі мектеп бітіруші түлектердің вальсі мен еліміздің жетекші өнерлі ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Д.Исаев түсірген фотоларды сілтеме арқылы жүктей аласыздар

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика