Ұлттың денсаулығы

Асық атудан «Қазконтент» АҚ кубогын «Астана» телеарнасы жеңіп алды (ФОТО)

Астанада Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай ұлттық асық ату ойынынан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында республикалық турнир өтті. Аталмыш бәсекеде «Қазконтент» акционерлік қоғамының кубогын «Астана» телеарнасының командасы жеңіп алды.
Астана қаласы 20 Маусым, 17:09

«Турнирдің ұйымдастырушыларына рахмет. Өте қызықты әрі көңілді болды. Турнир жоғары  деңгейде өтті. Командалар өте мықты әрі бір біріне лайықты, алайда біз бұл жарысқа жеңіс үшін келдік. Біз іріктеу кезеңінен өттік, өте қиын болды. Ақтық ойында әбден қобалжығанымыз да рас, қарсыласымыз өте мықты болды, соған қарамастан біз дегенімізге жеттік, басты жүлдені жеңіп алып, чемпион атандық!»,-деді «Астана» телеарнасының арнаулы тілшісі Самат Қанағатов.

Жарыста ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі командасы жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Ал, үшінші орынға «Егемен Қазақстан» командасы қол жеткізді. «Осы сияқты турнирлер ұлттық спорт түрлерін дамытуға ықпал етеді»,-деді Республикалық асық ату федерациясының аға жаттықтырушысы Ескендір Рахметов.       

«Меніңше, «Хан шатыр» сияқты халық көп жиналатын орындарда асық атудан жарыс өткізу ұлттық ойынның кеңінен танылуына ықпал етеді және оны дамытады. Бұл ұлттық ойын үшін жасалған үлкен игі іс. Бүгін біз журналистер үшін арнайы ойын ережелерін біршама жеңілдеттік. Мысалы әдетте диаметрі 3 метр болатын шеңбердің көлемі бүгін 1,5-2 метр болды. Командалардың жеңіске деген ынта-жігерлері  көрініп тұрды. Әсіресе «Астана» командасы жап-жақсы ойнады. «Қазақстан» ТРК командасы да осал болған жоқ. Жақсы ойын көрсетті. Бірақ «Астана» командасы жеңді, өйткені бұл ойын, өйткені бұл бәсеке»,-деді ол.

Айта кетейік, «Қазконтент» АҚ кубогі үшін 8 команда бәсекеге түсті. Олар: ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РМК, «Қазконтент» АҚ, «Қазақстан» РТРК» АҚ, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ, «Казахстанская правда» РГ» АҚ, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС, «Астана қаласы телевидениесі» ЖШС, «Бас редакторлар клубы» ҚБ.

Анар Тәңірұлова

Фото Азамат Алиев





Дерекнама

Яндекс.Метрика