Өңірлер

Б.Сапарбаев кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша бірінші республикалық кеңес өткізді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрдің ресми сайты.
Ақтөбе18 Маусым , 17:39

Жұмыс бағдарламасы Қобда ауданы Әлия ауылының тұрғындарымен кездесуден басталды, кездесу барысында вице-премьер елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформалар туралы айтты және өзекті сауалдарға жауап берді.

Б.Сапарбаев сондай-ақ Қобда ауылындағы стадионда өткен Әлия Молдағұлованың 90-жылдығына арналған «Әлия – қаһармандық дастаны» театрланған қойылымын тамашалады.

Осы жерде вице-премьер МЖС аясында салынған бірқатар нысандар - «Нұр болашақ» балабақшасы мен этноауылды аралады. Облыс орталығында Премьер-Министрдің орынбасары «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 1200 орындық мектеп құрылысының барысымен танысып, сондай-ақ бірқатар кеңестер өткізді.

Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Б.Сапарбаев кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Туған жерге тағзым» атты бірінші республикалық кеңес өткізді, оның барысында ол кәсіпкерлікті дамытуға кең мүмкіндіктерді және тартымды бизнес ахуалды атап өтті. 

«Бизнестің жол картасы-2020, Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 және басқа да бағдарламаларды жүзеге асыру аясында кәсіпкерлікті толық ауқымда қолдау жүзеге асырылады. Өз кезегінде, бизнесмендер әлеуметтік жауапкершілікті көтеруі және қоғамның игілігіне күш салуы тиіс», - деп баса айтты ол. Мысал ретінде ол «Көркейе бер, туған жер» акциясын келтірді, ол облыста 2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін өткізіліп, оның аясында 6 млрд теңгеден астам сомаға әлеуметтік-маңызды жобалар жүзеге асырылған болатын. Акция қатысушыларының қаражаты есебінен денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, жол және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары құрылысы, оларды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Актюбрентген» АҚ кәсіпорнында вице-премьер өнеркәсіп салалары мен кәсіподақтар басшыларының қатысуымен жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. 

Вице-премьер жедел шешімді қажет ететін бірқатар проблемалы мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ол «меморандумдардың әрекетіне қарамастан кейбір кәсіпкерлерде жалақы бойынша айтарлықтай қарыздар бар, олар 41 млн астам теңгені құрағанын» атап өтті.

Осыған байланысты Б.Сапарбаев жасалған меморандумдардың міндеттерін орындауды, әсіресе жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және жалақыны уақытылы төлеуге қатысты облыс әкімдігі тарапынан қатаң бақылау қажеттігін баса айтты. 

«Клиника Дару» оңалту медициналық орталығын аралау барысында Премьер-Министрдің орынбасары әлеуметтік сала жұмысшыларымен кездесу өткізді, онда өзекті мәселелер талқыланып, Елбасы белгілеген бес институционалдық реформаны ескере отырып, өңірді одан әрі әлеуметтік дамытудың басымдықтары анықталды.

Кеңесті қорытындылаған Б.Сапарбаев «100 нақты қадам» Жоспарын жүзеге асыру аясында азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін барлық ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалануға қатысты Елбасының тапсырмаларын жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.

 




Яндекс.Метрика