Өңірлер

2015 жылдың басынан бері АӨК субъектілерінің өтінімдері инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында 1,2 млрд. теңгеге мақұлданды

2015 жылдың басынан бері АӨК субъектілерінің өтінімдері бойынша инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында 1,2 млрд. теңге көлеміндегі субсидиялардың төленуі мақұлданды.
Казахстан18 Маусым , 14:47

ҚазАгро баспасөз қызметі хабарлағандай, инвестициялық субсидиялар еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға кеткен инвесторлар шығындарының 20-дан 80%-ға дейінгі үлесін өтеуге бағытталады. Бұл бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешеннің басымды салаларында жаңа өндірістік қуаттар құру немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мақсатында сатып алынған техника мен құрал-жабдықтардың, сонымен қатар іске асырылған құрылыс-монтаж жұмыстарының құны ішінара өтеледі. Жалпы бағдарлама бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің 18 өндірістік бағыты қамтылған.

Бағдарлама шарттарына сәйкес ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін өтінімдер 5 басымды бағытты қамтитын бірінші топ бойынша қабылданады. Бірінші топқа енетін бағыттар – ірі қара малдың тауарлы фермаларын кеңейту және техникалық жарақтандыру, сүтті-тауарлы фермаларды құру және кеңейту, сыйымдылығы 3000 мал орнынан кем емес бордақылау алаңдарын құру және кеңейту, жемшөп өндірісі бойынша кәсіпорындар/шаруашылықтар құру және кеңейту және жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын салу (құдықтар, ұңғымалар).

Ал ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кейін өтінімдер агрокешеннің тағы 13 бағытын қамтитын екінші топ бойынша да қабылдана бастайды.

 «Қазагромаркетинг» АҚ бағдарлама операторы болып табылады. Оператордың міндеттеріне инвесторлардан бағдарламаға қатысуға өтінімдер қабылдау, инвесторлардың ұсынған құжаттарының субсидиялау шарттарына сәйкестігін тексеру, инвестор жобасының субсидиялау шарттарында бекітілген талаптарға сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы ұсыныстар дайындау және инвесторлардың өтініштерін қарау және инвестициялық субсидияларды ұсыну/ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылдауға құзыретті алқалы орган - комиссияның отырысын шақыру енеді.

Аталған комиссиялардың құрамына облыстар мен Астана қаласының жергілікті атқару органдарының өкілдері кіреді.

Инвестициялық субсидиялар тек қана жаңа, бұрын пайдаланылмаған техника мен жабдықтар сатып алынған жағдайда төленеді.

Барлығы биыл бағдарлама операторы «Қазагромаркетинг» АҚ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінен инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында 465 өтінім қабылдады. Олардың ішінде 405 өтінім бойынша субсидиялардың төленуі мақұлданды. Мақұлданған өтінімдер бойынша жобалардың жалпы құны 3,4 млрд. теңгені құрайды. Төленуі мақұлданған субсидия көлемі 1,2 млрд. теңгеге тең. Барлық жобалар 2014 жылдың бірінші қаңтарынан бастап іске қосылған.

Бағдарламаға еліміздің 13 облысы мен Астана қаласының АӨК субъектілері қатысып отыр. Жуық арада өтінімдер Атырау облысында да қабылдана бастайды. 

Биыл мақұлданып үлгірген өтінімдердің көбісі Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарына тиесілі.

Еске сала кетсек, инвестициялық субсидиялау елімізде алғаш рет «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында былтырдан бері жүзеге асырыла бастады.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика