Парламент

Сенатта зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі талқыланды

Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту және оны заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» дөңгелек үстел өтті деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан17 Маусым , 20:07

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын іске асыру аясында шараны Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастырды.

Отырысты аша келіп, Сенат комитетінің төрағасы Ақан Бижанов азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. «Өзгеріп отырған экономикалық жағдайға орай ұлттық зейнетақы жүйесін бейімдеуге арналған реформалар жүргізуді уақыт талап етіп отыр. Осыған байланысты, Парламент еліміздің зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес, зейнетақы заңнамасын жетілдіруді көздейтін заң жобасымен жұмыс істеп келеді», - деді сенатор.

А.Бижанов сондай-ақ заң жобасы жұмыс берушіге міндетті зейнетақы жарнасын енгізу, базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа тәртібін қолдану және азаматтардың жекелеген топтарын зейнетақымен қамтамасыз етуді реформалау арқылы халықтың зейнетақы активтерін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Дөңгелек үстелде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова баяндама жасады. Осы тақырып бойынша Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Д.Ғалиева, «БЗЖҚ» АҚ Басқарма төрағасы Р.Ерденаев, қорғаныс министрінің орынбасары Б.Шолпанқұлов, кәсіподақтар федерациясы басқармасы төрағасының орынбасары Қ.Айтуғанов өз ойларын ортаға салды. Талқылауға сондай-ақ ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Б.Мұқышев және Сенат депутаттары да қатысты.

Шара қорытындысы бойынша зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін және оның құқықтық негіздерін жетілдіру жөнінде іс жүзіндегі ұсыныстар әзірленіп, бұдан былайғы жұмыстары үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болды.




Яндекс.Метрика