Әкімшілік реформаның екінші кезеңі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «А» басқарушылық корпусы мемлекеттік қызметшілерімен кеңес өткізді

Кеңесте «А» корпусына өткізілген іріктеу қорытындысы шығарылып, меритократия, ашықтық және қоғамға есептілік қағидаттары бойынша мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғырту жөнінде тапсырма берілді, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласы17 Қазан , 18:00

Мемлекет басшысы аса маңызды стратегиялық міндетті іске асыруда олардан зор жауапкершілік талап етілетінін кеңеске қатысушылардың есіне салып өтті. Өз сөзінде Қазақстан Президенті бұл кездесудің мұндай форматта алғаш рет өтіп отырғанына тоқталды.

«Осы залда барлық басқарушы саланың, биліктің барлық деңгейінің және барлық өңірдің өкілдері отыр. Біздің кездесуіміз – тарихи кездесу. «А» корпусының құрылуы еліміздегі кәсіби мемлекеттік аппараттың дамуының бір кезеңін аяқтап, келесі кезеңін бастайды. Мен әрдайым Қазақстанның табысты дамуын сауатты басқарушылардың қажырлы еңбегімен, әділ, ұстанымы берік халық қызметшілерімен байланыстырып келемін. Қазақстан ТМД аумағында ең бірінші болып «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылдады. Біздің тарапымыздан «Қазақстан – 2030» тарихи стратегиясы мерзімінен бұрын жүзеге асырылды, «Кәсіби Үкімет» оның басымдығы болды. Біз ондағы жүйелі міндеттерді шештік. Біздің мемлекеттік аппарат кәсіби, жауапты, қарқындырақ бола түсті», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әкімшілік мемлекеттік қызмет конкурстық негізде қалыптастырылатынын атап өтті.

« Мемлекеттік қызметшінің мансап жолындағы өсуі олардың талантына, жеделдігіне, кәсіби сапасына тікелей байланысты. Менімен әңгіме үстінде шетелдік қонақтар – мемлекет және үкімет басшылары, өзге елдердің саясаткерлері мен бизнесмендері қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің жас екендігін және жұмыстарының сапалы екендігін үнемі айтып отырады. Мен оларға Қазақстан жас ел екенін әрдайым айтамын. Біз іс жүзінде мемлекеттік қызметшілердің кадрлық корпусын қайта қалыптастырғанымызды айтамын. Біздің басқарушыларымыздың кәсіби әрі сапалық өсуіне әрдайым қамқорлық көрсетіп отыратынымызды айтамын», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде республикамызда отандық мемлекеттік қызметтің алдыңғы қатардағы корпусы құрылғанын атап өтті.

« Сіздер іріктеудің күрделі кезеңінен өттіңіздер, бір орынға 4 адамнан келген нағыз бәсекелестікке төтеп бердіңіздер. Сіздер заңдарды өте жақсы білетіндеріңізді дәлелдей білдіңіздер. Сіздер сапалы басқарушылық шешімдерді әзірлеп, қабылдай аласыздар, сондай-ақ олардың тиімді орындалуын ұйымдастыра білесіздер деп үміттенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Қазақстан Президенті «А» корпусының құрамына енген барлық мемлекеттік қызметшіні құттықтады.

 «Бұл сіздердің жеке өмірлеріңізде және бүкіл мемлекет өмірінде де маңызды оқиға. Сіздердің жұмыстарыңызға зор үміт артатынымды ашық айтқым келеді. Бүкіл мемлекеттік аппараттың түбегейлі жаңартылуын сіздермен байланыстырамын. Қазір Қазақстан үшін бетбұрысты кезең басталды. Біз Жаңа саяси бағытты, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын сеніммен бастадық. Бұл жұмыстың алғашқы қадамдарының бірі «А» корпусын қалыптастыру – мемлекеттік аппарат өзегінің жаңартылуы кездейсоқтық емес. Мемлекет пен қоғам алдында жаңа міндеттер тұр. Оларды жаңаша, креативтік тұрғыдан, ойластырып, табандылықпен шешу керек. Сіздердің басты миссияларыңыз осы деп білемін», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің тұрақтылығы мен үдемелі дамуы еңбекке және халыққа қалтқысыз қызмет етуге байланысты екенін сезіну қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы «А» корпусына конкурс өткізу арқылы талантты және табысты басқарушылар үшін транспарентті әлеуметтік лифт жасалғанын айтты.

« Жалпы, өткізілген конкурс мәселесі – енді келешектің ісі және оған талдау жасау керек. Біз аудандар әкімдерінен бастап Әділет министрлігінің қызметкерлеріне дейін заңнаманың барлық тармағын терең білу жөнінде ортақ талап қайдық. Бұл арада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі соңына дейін бәрін пысықтады. Көш жүре түзеледі деп санауға болады. Мен  конкурс барысында үміткерлердің кейбіреуі тек бір-екі балл ала алмай қалғанын білемін. Бұл қол қусырып отыруға себеп емес. Сөз жоқ, «А» корпусы қатып қалған кадрлық құрылым емес. Ең лайықты деген қызметшілер саяси мемлекеттік қызмет қатарын толықтыратын болады. Бұл залда орталық ведомстволардың, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың болашақ басшылары отыр деп сенемін. Ал олардың нақты кім екенін уақыт және сіздердің әрқайсыңыздың талантыңыз анықтайды», – деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев «А» корпусы еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінің буыны ретінде ұдайы жаңартылып отыратынына назар аударды.

« Мен сіздер бүкіл мемлекеттік аппараттың жаңартылу ісіне сүбелі үлес қосады деп күтемін. Ең алдымен, бюрократтық пен сөзбұйдалықтың азаюын, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жақсаруын, этиканың қатаң сақталуын және сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз ұстанымның болуын күтемін», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде мемлекеттік басқаруда ең таяу уақытта шешуді қажет ететін бірқатар түйткіл бар екеніне тоқталды.

«Ең алдымен, бұл – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасының төмендігі. Бір күнде 450 бұзушылық орын алады. Құжат айналымының деңгейін, турасын айтқанда, бюрократия деуге болады, 1 қызметкерге келетін құжаттар саны 500-ге жетіп жығылады. Өткен жылы қазақстандықтар мемлекеттік органдардың талабы бойынша 22 миллионнан астам анықтама тапсырған. Бұл қалай болғаны? Анықтама азаматтардан да көп. Бұл тіпті біз электронды құжат айналымы жүйесін, ХҚКО-ларды жедел дамытып отырғанның өзінде орын алуда. Бюрократизм – бұл мемлекеттік басқару жүйесіндегі жұмыстың нормадан тыс болуының салдарының бірі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті өз тапсырмасымен «Мемлекеттік қызметтер туралы» жаңа Заңның қабылданғанын атап өтті.

« Бұл заң сіздердің үстел үсті кітаптарыңызға айналуы тиіс. Оның негізінде мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыруға, оның сапасы мен нәтижелігін арттыруға қол жеткізу қажет. «А» корпусының қарқынды дамуын қамтамасыз етіп, бұл үшін бірқатар шараны іске асыру қажет. «А» корпусына жаңа іріктеу кезеңін анықтау маңызды деп санаймын. «А» корпусын жаңартуды жүзеге асыру тек қана конкурстық жолмен анықталатынын айтпақпын. Бұл лауазымға ешқандай да «автоматты түрде» өту және ауысу болмауға тиіс. Конкурсқа биыл талап етілген нәтиже көрсете алмағандар да қатыса алады», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы конкурс қорытындысына терең талдау жасап, оның өткізілу шарттарын жақсарту, бірінші кезекте объективтілігін жақсарту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.     

«Менің Әкімшілігіме Үкіметпен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп бірнеше ай бойы осындай жұмыс жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ, әкімшілік мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарын заңнамалық қамтамасыз ету және қорғаудың бүкіл тетігін жақсарту маңызды. Үкіметке келесі жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірмей бұл мәселе жөнінде ұсыныстар пакетін әзірлеуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «А» корпусының әрбір мүшесіне қатысты қазіргі кадрлық ұстаным ұзақ мерзімге дейін «қатып қалмауға» тиістігін атап өтті.

« «А» корпусының ішінде жүйелі ротацияны қамтамасыз ету керек. «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері бесаспап мамандар болуға тиіс. Сіздер жұмыстың жаңа көлемі мен бағыттарынан қорықпауға тиіссіздер. Мемлекеттік қызметтегі жұмыстың жаңа дағдысына машықтану үшін бастамашыл болуларыңыз қажет. Бұл сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге қатысты мәселе», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы ауылдық округтердің таяуда сайланған әкімдеріне қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

«Оларды қосымша ресурстармен қамтып, бірқатар құзіреттер бердік. Соларды пайдалануды үйрету және қажетті әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік қызмет академиясы жанынан олар үшін қысқамерзімдік курстар ұйымдастырылуы тиіс. Бұл үшін жауапкершілікті Президент Әкімшілігімен бірге Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктеймін. Сондай-ақ, «А» корпусының мүшелерін заманауи басқару әдістеріне, соның ішінде шетелдік тәжірибе негізінде тұрақты оқыту жүйесін құру маңызды деп санаймын», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «А» корпусының тиімді жұмыс істеуінің маңыздылығын ескере отырып, оған кіретін мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін жақсарту жүйесін ойлаған жөн екендігін атап өтті.

« Қызметкерлердің материалдық қамтылуы лайықты деңгейде болуы маңызды. Бір жағынан, мемлекеттік қызметшілерге, ең алдымен «А» корпусына жақсы төлеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы «ине салу». Табыс тіршілікке, отбасын асырауға жеткілікті болуы тиіс, сондықтан келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап сіздердің жалақыларыңыз 50 пайызға ұлғаятын болады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жалаақының көтерілуін өзіндік аванс ретінде атады.

– Біз бәріміз еңбекақыны мемлекеттен, бюджеттен аламыз, бізді қоғамымыздың мүшелері – Қазақстан азаматтары  асырайды. Демек, біз сол халыққа қызмет етуге тиіспіз. Осыны ұмытуға болмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда елімізде орындалып жатқан тарихи ұлы міндеттер ортасында болу мәртебесі барлық ұрпаққа бірдей бұйыра бермейтінін атап айтты.

«Бізге мұндай мәртебені тағдыр жазды. Біздің парызымыз – биікте болу, жеріміздің тағдыры мен халқымыздың игілігіне жауапты болу.  Өз күшімізді аямай, Стратегия-2050-де межеленгеннің бәрін жүзеге асыру керек. Сіздерге, «А» корпусының қызметшілеріне Қазақстанның алдағы тарихын керемет қылу мәртебесі бұйырды. Мұны ең алдымен бүкіл халқымыздың сіздерге артқан жоғары сенімі ретінде түсінуге тиіссіздер», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев кәсібилік, адалдық, бастамашылдық, патриоттық, халыққа қызмет ету, жоғары моральдық және өнегелік қасиеттер – «А» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің ең басты қырлары екенін атап өтті.

«Сіздер «А» корпусы ешқандай да элитаның элитасы емес екенін әрқашан есте ұстауға тиіссіздер. Ол халықтың өз арасынан алынды. Барлығыңыз да халықтың қызметшісі екендіктеріңізді ешқашан ұмытпаңыздар. Адамдарға немқұрайлы қарауға болмайды. Олардың проблемаларын біліп, күні-түні шешу қажет! Адамдарды сендіре білу, әділ әрі ашық сұхбат жүргізу маңызды. Сіздердің биік мақсаттарыңыз бен ұлы  парыздарыңыз да осында. Есте ұстаңыздар, сіздер Отанымыз үшін жұмыс істейтін менің командамның бір бөлігісіздер», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мемлекеттік аппараттың басты міндеті экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз ету, жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін әлеуметтік жағдайды жақсарту екенін еске салды. Бұл үшін мемлекет тиісті бағдарламаларды қаржыландыруда.  

«Шағын және орта бизнесті дамыту үшін арнайы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы әзірленді, оны тұрғындарға түсіндіру қажет. Бірақ бұл жұмыс іс жүзінде жүргізіліп отырған жоқ. Ол аудандар мен қалалар және, әрине, облыс әкімдерінің тікелей міндеті болып саналады. Сондай-ақ біз халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны әзірледік. Алайда бұл бағдарлама бойынша ақша игерілмей жатыр. Бұған қоса, бүгінде бүкіл ел бойынша мектеп, аурухана және өзге де нысандар құрылысына бөлінген 150 млрд. теңге игерілмей отыр. Бұл – мемлекет үшін жоғалған ақша деген сөз, оны қайтару қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елді дамытудың маңызды тағы екі мәселесіне назар аударды.

Интеграциялық үдерістерге қатысты Мемлекет басшысы олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қажетті шарты болып саналатынын және оны жандандырудың уақыт талабынан туындап отырғанын атап өтті.

«Бүгінде ішкі нарығымыз әбден толды, енді экономиканың жыл сайынғы өсімінің 6-7%-ын қамтамасыз ету үшін бізге сыртқы нарықтар табу керек. Сондықтан Қазақстан мен Қытайдың шекарасында біз шекара маңы саудасының халықаралық орталығын салдық, онда барлық қажетті инфрақұрылым қалыптастырылатын болады. Кеден одағы елдерінің нарығын игеру қажет. Сол нарықтарда бәсекеге төтеп беру керек, сосын Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде жаңа деңгейге шығу қажет», – деді Қазақстан Президенті

Елдің тұрақты түрде ілгерілеуінің маңызды шарты ретінде Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді одан әрі дамыту жайын атады.

«Егер сіздер өз аппараттарыңызда қазақ тілінде адамдар арасында қарапайым қарым-қатынас жасауға үйретуді дұрыс жолға қойсаңыздар, соның өзі жеткілікті. Бұған уақыт бөліп, әрбір ауданда, әрбір қалада оқыту ісін ұйымдастыру керек. Сонда біз мемлекеттік тілді толық меңгеру мәселесін көтере аламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті болашақта мемлекеттік тілді бүгінде мектепте оқып жатқан балалар еркін меңгеретінін айтты.

«Келесі буын өсіп-жетілген кезде, 2020-2025 жылдарға қарай олар университеттерде мемлекеттік тілде оқитын болады, мемлекеттік қызметке келеді, сонда біз олардан мемлекеттік тілді талап ете аламыз. Бұл орайда  өз тілін жоғалтып алуға аз қалған қазақ халқының қазір оны қалпына келтіруді қалайтын ұмтылысы мен арман-тілегін дұрыс түсіну керек. Мұндай көптілділік бүкіл посткеңестік кеңістікте тек Қазақстанда сақталып қалғанын да айта кеткен жөн. Украина да, Кавказ республикалары да, Орта Азиядағы көршілеріміз де тек өздерінің мемлекеттік тілінде сөйлеседі. Біздің ұстанымымыз дұрыс, өйткені тілді білмейтіндер кінәлі емес – уақыт сондай болды. Ересек адам бір күнде басқа тілде бірден сөйлеп кете алмайды. Біз бұған түсіністікпен қарауға тиіспіз. Біз жұмысқа алғанда болсын, қызмет көрсетуде болсын, оқу орындарында болсын – елімізде ешкімді тілдік тұрғыдан кемсітпейміз. Бұл бағытта еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс жүргізуде», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті кеңеске қатысушыларға табысты және қызықты жұмыс, сондай-ақ сәттілік пен денсаулық тіледі.

Өз сөздерінде «А» корпусына кірген мемлекеттік қызметшілер – әділет министрлігінің жауапты хатшысы М. Бекетаев, Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы Б. Есімова, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданының әкімі А. Шахаров және Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі А. Аглиулин, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы В. Дудов, ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы А. Евниев Мемлекет басшысының сенімі үшін алғыс айтып, бар күш-жігерлерін Қазақстанның дамуына жұмсайтындықтарын мәлімдеді.

Кәсіби басқарушылардың жаңа сыныбы биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылды. Бүгінде Президент жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның іріктеуінен өткен резервтегі 940-тан 520 адам қызметке тағайындалды.

 




Яндекс.Метрика