Жаңа қазақстандық патриотизм

Қазақстан тарихшылары тарих ғылымын дамытудың жаңа тұжырымдамасын жасамақ

Қазақстан тарихшылары биылғы жылдың күзіне дейін тарих ғылымын дамытудың жаңа тұжырымдамасын жасамақ. Бұл туралы бүгін Алматыда белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі Олжас Сүлейменовтың қатысуымен өткен ғылыми конференцияда айтылды.
Алматы21 Маусым , 00:00

Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі жұмыс тобының соңғы отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тажин бұл саладағы бірқатар кемшін тұстарға ерекше тоқталып,  Білім және ғылым министрлігіне ұлттық тарих пен қазіргі заманғы тарихтан базалық екі оқулық дайындауды жүктеген еді. Ондағы мақсат - оқулықтардағы біржақтылықты жойып, оларды соңғы жылдардағы ғылыми жаңалықтармен толықтыру.

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 
- Ұлттық тарих, ұлттың тарихи тұлғалары көп еске алынбай қалды, соларды біз қайта қарауымыз керек. Әсіресе, ұлттық генезис қазақ деген халық қайдан басталып, қандай кезеңдерден өтіп, қалай қалыптасты. Бұл тек XV ғасырдың құбылысы емес, біздің эрамызға дейінгі сақ, ғұн дәуірінен жалғасып отырып, бүгінге дейін келе жатқан динамикалық құбылыс.

Қазақстан тарихына байланысты деректерді зерттеу үшін бір топ мамандар Иран, Қытай, Ұлыбритания сияқты бірқатар елдердің мұрағаттарына аттанды. Ғылыми жұмыстарға еңбеген тың деректер отандық мұрағаттарда да жетерлік. Оларды жарыққа шығару жұмыстары да жедел қолға алынбақ. Ғалымдардың пікірінше, бұл келелі істі жүзеге асыру үшін бірінші кезекте мемлекет мамандар даярлау ісіне көңіл бөлу керек.

Хангелді ӘБЖАНОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 
- Айталық, орта ғасырлар, ежелгі дәуірлердің тілдерін білетін тарихшылар бізде жоқтың қасы. Ал біз араб, парсы деректерін, антикалық деректерді қалай пайдаланамыз осыны білмей. Өте күрделі мәселе антропологтарға байланысты қалыптасып отыр. Қазақстанда қазір үш-төрт-ақ антрополог қалды. Алды 80-нен асып кетті. Осы мәселені қолға алмаса, Қазақстанда ғылымымыз антропологтарсыз қалып қоюы мүмкін. ДНК-сыз орта ғасырдың тарихын жазам деу бекершілік.

Мемлекет жүктеген жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін Қазақстан тарихының жаңа тұжырымдамасын даярлау керек. Бүгінгі басқосуда ғалымдар күзде қабылданатын осынау құжатқа қатысты ойларымен бөлісті.




Яндекс.Метрика