Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерді реформалау

Алматыда шартты сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөнінде аймақтық семинар өтті

Алматы қаласында ІІМ бастамасымен Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшылығының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Бас прокуратура өкілдерінің, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Алматы қаласы әкімдерінің орынбасарларының, сондай-ақ құқық қорғау, сот органдары өкілдерінің қатысуымен ҚАЖК пробация қызметін одан әрі дамыту және шартты түрде сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша өңірлік семинар өтті, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Алматы қаласы17 Қазан , 15:13

Мемлекет басшысы қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын (2013 жылғы 15 ақпандағы) іске асыру мақсатында және Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесіндегі қылмыстық заңнаманы ізгілендіру аясында пробация қызметі құрылды.

Айта кету керек, пробация қызметінің функциясына бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындау ғана емес, сонымен қатар, шартты түрде сотталған адамдарға білім, кәсіп алуда, оларды жұмысқа орналастыруда, емдеуде, сондай-ақ құқықтық көмекті қамтамасыз етуде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету де жатады.

Пробация қызметтерінің сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге және «түрме халқын» азайтуға бағытталған жұмысының тиімді болуы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған адамдарды бақылауды жүзеге асыратын жазаларды орындау органдары мен оларды әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмекпен қамтамасыз етуге ресурстары бар жергілікті атқарушы органдардың өзара тығыз әрекеттесуі арқылы мүмкін екені аталып өтті. 

Семинарда пробация қызметін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары айқындалды. Жергілікті атқарушы органдармен және өзге де мемлекеттік органдармен іс-қимыл жасаудың бірлескен алгоритмі пысықталды. 

Сондай-ақ, пробация қызметінің ағымдағы жылғы 9 ай ішіндегі жұмысының қорытындылары қарастырылды. Осылайша, пробация қызметінің мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысы оң нәтижелер беріп жатыр. Жыл басынан бері 3356 шартты түрде сотталған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді, олардың 1343-не психологиялық қолдау көрсетілді, 208-і білім алды, 509ы жұмысқа орналастырылды, 162 сотталғанның құжаттарын қалпына келтіруге және 1134 сотталғанға өзге де көмек көрсетілді.  

Семинарда бірінші кезектегі бірлескен міндеттер айқындалды. Бұл бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған адамдарды әлеуметтік оңалтуға және олар қайталап жасайтын қылмыстардың деңгейін төмендетуге бағытталған ұтымды көмек.   

Семинар қорытындысы бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру және жергілікті атқарушы органдар мен пробация қызметінің тиімді өзара әрекеттесуі туралы ұсынымдар қабылданды; ҚАЖ комитеті әзірлеген шартты түрде сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі әдістемелік ұсынымдар жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. 

Осындай семинарлар 2014 жылы республиканың төрт өңірінде өткізіледі. 

 




Яндекс.Метрика