Инфрақұрылымды дамыту

2014 жылы Қазақстанда жаңадан 5 теміржол бағыты ашылады

2014 жылы Астана – Қызылорда, Алматы – Ақтөбе, Алматы – Защита, Астана – Защита және Алматы – Ташкент бағыттарында жүрдек пойыздарды іске қосу жоспарлануда, деп Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Казахстан17 Қазан , 09:52

 «Бағыттардың ашылуы осы өңірлердегі жолаушылар тасымалына деген жоғары сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ  әр бағыт бойынша  жол жүру уақыты орташа есеппен 1,5-2 есеге дейін қысқармақ.  Айталық, Астанадан Қызылордаға жолаушылар қазіргідей 2 тәулікте емес, бір тәуліктің ішінде жететін болады. Астана-Защита жүрдек пойызы болса Павлодар станциясына аялдайтын болады», - деп хабарламада нақтыланған.

Сондай-ақ, 2013 жылғы қаңтарда Павлодар – Астана бағытындағы  жолаушылар пойызының бағыты Қарағандыға дейін, ал  Астана – Орал бағытындағы жолаушылар пойызының бағыты  Ақтөбе қаласына  дейін ұзартылған болатын.

Ағымдағы жылы Алматы – Атырау, Астана –Атырау және Астана – Семей бағыттарында жаңа жүрдек пойыздарының іске қосылғанын айтып өту керек. Аталған бағыттар бойынша  жол жүру уақыты екі есеге дейін қысқартылды. Барлық пойыздар 27 «Тальго» вагондарынан құралған.  Олардың  22-сі жолаушылар вагоны, оның ішінде 2 вагон «Гранд» (екіорындық люкс) санатында болса, 2 вагон «Бизнес» (екіорындық) санатында  және  18 вагон «Турист» (төрторындық эконом) санатында. Пойызда 3 техникалық вагон, 1 мейрамхана  және 1 бар-вагоны бар. «Гранд» санатындағы вагондардың бірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған  купе бар.

Бұдан басқа, 2013 жылдың 5 шілдесінен бастап Астана – Бурабай курорты бағытында жаңа жолаушылар жүрдек пойызы іске қосылды. Жаңа құрам 6 вагоннан құралған, әр вагон 56 орынға есептелген. Жолда жүру уақыты 3 сағат 55 минутты құрайды.

2013 жылдың 8 шілдесінде  Астана – Павлодар бағытындағы жаңа жолаушылар пойызы іске қосылды. Пойыз аптасына 4 рет: бейсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері  Астана қаласынан жолға шығады. Жолда жүру уақыты 6 сағат 28 минут.

 

 

 




Яндекс.Метрика