Халықаралық интеграция

Н.Назарбаев: ТМД бірлесіп жұмыс жасау үшін жақсы әлеует жасайды

Елбасы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер делегацияларының басшыларымен кездесті. Делегациялар басшылары Қазақстанға ТМД Үкімет басшылары кеңесі мен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырыстарына қатысу үшін келді.
Ақмола29 Мамыр , 13:17

«Жаһандық дағдарыстық құбылыстарды өткеріп, жекелеген экспорттық тауарлар бағасы төмендеп жатқан қазіргідей уақытта бірлескен жұмыс пен кооперацияны күшейту қажет етіледі. Ықпалдастыққа балама жоқ деп санаймын, сондықтан біз тиісті үдерістерге бастамашылық етіп отырмыз. Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істеп тұр. Бүгінгі қиындықтарға қарамастан, мен оның болашағы зор деп сенемін. Мұндай қиындықтар болатынын біз болжадық, бірақ шарттың мәні, мақсаты мен онда қойылған міндеттері дұрыс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Кездесу барысында елдердің қаржы-экономика, көлік-транзит, отын-энергетика салаларындағы өзара ықпалдастығының негізгі аспектілері талқыланды.

Қазақстан Президенті ТМД елдерінің мемлекет және үкімет  басшылары кездесулерінің, екіжақты және көпжақты келіссөздердің маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда Қазақстан орнықты дамуды сақтау үшін әсіресе инфрақұрылымды жаңғырту саласында қажетті шараның бәрін қабылдап жатқанын атап өтті. 

Ботагөз Айтжанова 




Яндекс.Метрика