Халықаралық интеграция

Қазақстан делегациясы ИЫҰ СІМК 42-ші сессиясына қатысты

2015 жылғы 27-28 мамырда Кувейтте Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлерінің 42-ші сессиясы (ИЫҰ СІМК) болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов бастаған қазақстандық делегация қатысты.
Әлемде29 Мамыр , 15:38

ҚР СІМ хабарлағандай, қоғамдағы толеранттықты күшейту және терроризмге қарсы әрекет ету мәселелеріне арналған ИЫҰ СІМК барысында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер делегациялары халықаралық күн тәртібінің өзекті проблемаларының кең ауқымы бойынша пікірлермен алмасты. 

Йемендегі, Сириядағы, Ливиядағы және Ирактағы ахуалды, палестина-израиль жанжалын реттеу, бірқатар мұсылман елдерінің бейбіт өміріне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қауіп туғызатын Ирак пен Леванта ислам мемлекетінің (ИЛИМ) және басқа да экстремистік ұйымдар мен топтардың күштеріне қарсы әрекет ету мәселелері талқыланды.

СІМК-ге қатысушылар алдында сөз сөйлеген А. Мусинов  Қазақстанның мұсылман Үмбетінің көкейкесті проблемалары мен Ұйымның таяу уақыттағы даму бағыты бойынша тұжырымын әңгімеледі, оларды  республиканың конфессияаралық диалогты нығайту саласындағы, соның ішінде Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер съездерін өткізу арқылы жүргізіп отырған белсенді қызметімен таныстырды, сондай-ақ ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді Қазақстанның БҰҰ-да мұсылман елдерінің мүдделерін білдіруге  деген әзірлігі мен тілегін атап өте отырып, 2017-2018 жж. кезеңіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне ҚР-ның кандидатурасын қолдауға шақырды. 

ИЫҰ СІМК шеңберінде терроризмге, экстремизмге және исламофобияға  қарсы күрес мәселелері бойынша арнайы сессия өтті. Болып өткен пікірталастар барысында қазақстандық делегация басшысы отырысқа қатысушылардың назарларына аталған проблематикаға қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді, бұл ретте, ең алдымен, терроризм мен діни  экстремизмді туғызатын себептермен және факторлармен күресудің маңызын атап өтті.

 ИЫҰ СІМК 42-ші сессиясының қорытындылары бойынша саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және ұйымдастыру салаларында 90-нан астам қарар қабылданды.  Негізгі ғаламдық және өңірлік проблемалар бойынша ұстанымдар, мұсылман елдерінің бейбіт өміріне және тұрақтылығына төнетін қазіргі бар қауіптерге қарсы тұру үшін күш-жігерлерді шоғырландыруға үндеулер,  терроризм мен экстремизмнің барлық түрлері мен көріністерін батыл айыптаулар айтылды.

ИЫҰ СІМК-де қабылданған қарарларда  Қазақстанның бұрынғы Семей ядролық полигоны, Арал теңізі өңірін қалпына келтіру, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы келісім және ядросыз әлем туралы  әмбебап декларация, АӨСШК-ні қолдау және «ЭКСПО-2017» бойынша ұсыныстары, сондай-ақ Астанадағы штаб-пәтерімен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын (АҚИҰ) құру сияқты бастамалары қолдау тапты.

Сонымен бірге іс-шара ауқымында А. Мусиновтың ИЫҰ-ға мүше бірқатар мемлекеттер делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулері өтті, олардың барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық, көпжақты форматтардағы өзара іс-қимыл, соның ішінде 2017-2018 жж. кезеңіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне Қазақстанның кандидатурасын қолдау, «ЭКСПО-2017» өткізу, сондай-ақ АҚИҰ құрылтайшылық құжаттарына қол қою және ратификациялау мәселелерін талқылады.

ИЫҰ СІМК-ге қатысу шеңберінде ҚР сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары сондай-ақ ИЫҰ Бас хатшысы Ияд бен Амин Маданимен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы, соның ішінде АҚИҰ-ға мүше елдер қатарын кеңейту және Астанада оның құрылтайшы Бас ассамблеясын және ИЫҰ ауыл шаруашылығы министрлерінің 7-ші кездесуін өткізу мәселелерін талқылады, сондай-ақ Ұйымның жай-күйі мен оны дамытудың келешегі туралы пікірлермен алмасты. 

Ислам ынтымақтастығы ұйымы (2011 жылға дейін - Ислам конференциясы ұйымы) 1969 жылы құрылған. ИЫҰ Бас хатшылығы Жидда қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) орналасқан.

Қазіргі уақытта ИЫҰ-ға халқы 1,5 млрд. болатын 56 мемлекет мүше болып табылады. 5 ел және 5 халықаралық ұйым байқаушы мәртебесіне ие. Қазақстан 1995 жылғы желтоқсан айынан бері Ұйымға мүше болып табылады. 

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика