Адами капитал

Алматыда адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтары проблемалары бойынша арнайы баяндама таныстырылды

Алматыдағы Д.Қонаев атындағы университеттінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты арнайы баяндамасының халықаралық тұсаукесері өтті.
Алматы қаласы29 Мамыр , 12:51

Аталып өткендей, баяндама Елбасының, халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алған және Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің техникалық жәрдемімен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бөлек таралыммен шығарылған.

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, тұсаукесерге қатысушыларға Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов,  ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлеймен, Д.Қонаев университетінің ректоры Өмірәлі Қопабаев, Орталық Азиядағы Халықаралық көші-қон ұйымының адам саудасымен күрес жөніндегі бағдарламасының Өңірлік үйлестірушісі Бермет Молдабаева ханым құттықтау сөз жолдады.

Өз сөзінде Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Комиссияның таныстырып отырған баяндамасының маңыздылығын атап өтті және адам саудасына қарсы күрес және трафик құрбандарына арнайы әлеуметтік қызмет көрсету салаларындағы мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен  өзара іс-қимылының тетіктерін нығайтуға баса назар аударды.

Комиссия баяндамаларының тұсаукесеріне Қазақстанның бірнеше өңірлерінің ішкі саясат басқармаларының басшылары, Алматы қаласының заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының, құқық қорғау органдарының өкілдері, құқықтанушы-ғалымдар, Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру және  денсаулық сақтау ұйымдарының, бизнес және БАҚ өкілдері қатысты.

Баяндаманы Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері мен сарапшылары Тастемір Әбішев, Виталий Воронов, Нұрила Шаханова, Зүлфия Байсақова және Хадиша Абышева таныстырып, тұсаукесердің қатысушылары мен қонақтарының қойған сұрақтарына жауап берді.

 «Тұсаукесер барысында баяндамада Қазақстан бекіткен халықаралық келісім-шарттардың нормаларына сәйкес адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау саласындағы заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінің салыстырмалы талдауы, құзырлы мемлекеттік органдар қызметінің бағасы, Конституцияның нормаларына және халықаралық стандарттарға сәйкес трафиктің және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарының әлеуметтік-экономикалық, еңбек және мәдени құқықтарын қорғау тетіктерін әрі қарай жетілдіру бойынша нақты әрі пәрменді қадамдар қамтылғаны атап өтілді», - делінген хабарламада.

Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген сарапшылар Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның арнайы баяндамасына жоғары баға беріп, олардың ұсынымдарын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламенті іс жүзінде жүзеге асыруға кіріскендерін айтып өтті.




Яндекс.Метрика