Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

Қызылордадан Мәскеуге тұрақты әуе рейсі ашылды

Қызылорда мен Мәскеу қалалары арасында тұрақты тікелей әуе рейсі ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Қызылорда28 Мамыр , 16:31

Аптаның  сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері «Трансаэро» авиакомпаниясы арқылы қатынайтын алғашқы  жолаушылар ұшағы таңғы сағат  07.55-те Қызылорда әуежайына келіп қонды.

Әуе кемесі 120 орындық. Қызылордадан Мәскеуге дейін төрт сағат ұшады.  Жол құны да қымбат емес. Екі бағытқа барып-келу 45 мың теңге шамасында. Бүгінгі алғашқы рейске 20 жолаушы билет алған.

Қызылорда халықаралық әуежайында Мәскеуден келген алғашқы жолаушыларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған бір топ қарсы алды. Аймақ басшысы жолаушыларды қуаныштарымен құттықтай отырып,  аймақта көліктік логистика инфрақұрылымы дамып келе жатқанын айтты.

« Бүгінде облыста «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолының және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Сыр өңірінің әуе қақпасында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жүруде. Жаңадан бой көтеретін терминал бүгінгіден 3,5 есеге үлкен. Бұл - өңірдің инвестициялық жағдайын арттыруға үлкен септігін тигізетін жоба. Қазіргі таңда облыста 70-ке жуық бірлескен Қазақстан-Ресей кәсіпорындары бар, Қызылорда түлектері Ресейдің жетекші ЖОО-да білім алуда. Сондықтан да, бүгінгі Мәскеу бағытына ашылған рейс тұрғындар үшін зор қуаныш болып отыр», - деді аймақ басшысы.

«Трансаэро» әуе компаниясының Қазақстандағы бас өкілі  Владимир Кушниренко осы өңірге ұшып келген және ұшып кететін жолаушылардың бар талап-тілектерін жоғарғы деңгейде орындайтындығын жеткізді.

 «Мәскеу-Қызылорда», «Қызылорда-Мәскеу» рейсін жасап отырған алғашқы шетелдік компаниямыз. Енді ғана осы бағыттағы жұмыстарды бастап жатырмыз. Алдағы уақытта басқа да ұшақтар қатынайтын болады. Оған қоса облыс тұрғындарының Мәскеу арқылы әлемнің 300 еліне ұшуына жол ашылып отыр, - деді В.Кушниренко.

Қазір Қызылордадан аптасына Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына сағатына 150 жолаушы тасымалдайтын 24 рейс тұрақты қатынауда. Сондай-ақ, тәжікстандық әуе рейсі техникалық қажеттілікке байланысты осы өңір арқылы ұшып жүр. 

   Айта кетейік, өткен жылы Қызылорда қаласының әуежайы халықаралық статус алған болатын. Қазір өзге елдермен байланыс орнату мақсатында келіссөздер жүруде. Жақын арада Стамбул (Түркия), Дубай (БАӘ), Пекин, Үрімші (ҚХР) қалаларына тікелей рейстер ашылады деп жоспарлануда.

 




Яндекс.Метрика