Білім беру

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру бағдарламасын жаңарту көзделіп отыр – депутат

Қазіргі таңда орта білім беру жүйесінің мағынасын өзгерту жұмыстары жүргізіліп жатыр, осыған байланысты мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы да өзгереді, деді Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исімбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Нұр-Сұлтан28 Мамыр , 14:48

«Қазіргі таңда орта білім беру жүйесінің мағынасын өзгерту жұмыстары жүргізіліп жатыр, осыған байланысты мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы да өзгереді. Мемлекет басшысының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жаңа технологиялар, жаңа инновациялық әдістемелер мен үштілді білім беру пайдаланылуы керек деген тапсырмасы орындалады. Жаңарту жұмыстары мектепке дейінгі мекемелерді де қамтиды»,-деді Г.Исімбаев.

Бұған қоса ол Қазақстандағы инклюзивті білім беру мәселесін де қозғады.  

«Инклюзивті білім беруде проблемалар бар, осыған дейін біз бұл балалардың барлығын ерекше атап келгенбіз. Бізде есту, көру қабілеттері мен тірек-қимыл апараттары бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақшалар бар. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, қазіргі таңда инклюзивті білім беруден, инклюзивті қоғамға ауысу үрдісі жүріп жатыр. Барлық білім беру мекемелерінде аталған топтағы балаларды жалпыға білім беру кеңістігіне инклюзивтендіру жұмыстары жалғасуда»,-деді Г.Исімбаев.  

Ботагөз Айтжанова

 




Яндекс.Метрика