Үкімет

Б.Сапарбаев Мемлекет басшысына әлеуметтік саладағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын баяндады

Елбасы Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі
Нұр-Сұлтан26 Мамыр , 19:53

Б.Сапарбаев Мемлекет басшысына тапсырмалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік саладағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады.

Қазақстан Президенті азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін мемлекет күш-жігер жұмсап отырғанына назар аударды.

–  Бизнес пен жұмыспен қамтудың «жол картасын» және «Нұрлы жолды» қоса алғанда, барлық бағдарламалар тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған, бұл мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттің бірі болып саналады. Бұл орайда, өңірдегі халық жергілікті биліктің осы бағытта қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар болуы керек. Әкімдіктер кәсіпорындардың кадрға деген қажеттілігін қадағалап, кәсіпкерлік субьектілерінің ашылуына, қосымша өндірістердің іске қосылуына ықпал еткені жөн. Ірі кәсіпорындар жаңа технологияларды, инновацияларды енгізу есебінен жұмыс орындарын қысқартуда. Мұндай жағдайда  қызмет көрсету саласы, шағын және орта бизнес жұмыс беруші рөлін атқаруы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі мекемелерімен толық қамтуды, апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектептерді жоюды, кадр даярлауды отандық экономиканы мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды ескере отырып, келісім негізінде жүргізуді тапсырды.

Қазақстан Президенті жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік кәсіпорындардың негізінде ғылыми-өндірістік кешендер құрудың да маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаның маңызын және «100 қадам» іс-қимыл жоспарын сапалы орындау қажеттігін  айтты.

Б.Сапарбаев биыл жұмыспен қамтуға белсенді жәрдем ету шаралары 320 мың адамды немесе жұмыссыздар мен өнімсіз жұмыспен қамтылғандардың 25 пайызын қамтитынын, бұл жұмыссыздық деңгейін 5,2 пайыз шамасында ұстап тұруға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Премьер-Министрдің орынбасары еңбекпен қамту саласындағы ахуалдың өзгеруіне дер кезінде ықпал ету үшін былтырдан бері жағдайы мүшкіл 199 кәсіпорынды күн сайын мониторингілеу жүргізіліп отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар ақпан айында бүкіл республика бойынша өңір әкімдері мен жұмыс берушілер арасында жұмысшыларды жұмыстан босату жайттарын болдырмау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасала басталды. Қазіргі кезде 46 мыңнан астам меморандумға қол қойылды, соның ішінде 1,6 мыңы – ірі кәсіпорындармен, 44,8 мыңы – жұмысшыларының жалпы саны 2,1 миллион адам болатын орта және шағын кәсіпорындармен меморандум жасалды.  

Б.Сапарбаев алдағы бес жылда денсаулық сақтау саласын дамытудың басты бағыттары осы саланың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, бастапқы медициналық-санитарлық жәрдемді жетілдіру, аурулар түрлерімен жұмыс жүргізу бағдарламасын енгізу, ұзақмерзімді жоспарлау негізінде саланың кадрлық әлеуетін нығайту болатынын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді. 

 




Яндекс.Метрика