ҚР ИИДМБ

Елбасы Нобель сыйлығының лауреаттарымен Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуын қамтамасыз ету шараларын талқылады

Елбасы Нобель сыйлығының лауреаттарымен, халықаралық ұйымдар мен даму институттарының басшылығымен, VIII Астана экономикалық форумына қатысуға келген компаниялар жетекшілерімен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан22 Мамыр , 13:38

Мемлекет басшысымен кездесуге Нобель сыйлығының лауреттары Ф.-Э.Кидланд, Э.Маскин, Дж.Смут, Т.Карман, сондай-ақ француз экономисі Ж.Аттали, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Ж.-Г.Да Силва, БҰҰДБ әкімшісі Х.Кларк, ЭЫДҰ сыртқы байланыс жөніндегі директоратының басшысы М.Бонтури, ЕҚДБ вице-президенті Б.Нельсон, АДБ вице-президенті Ч.Вэнчай және  McKinseyGlobalInstitute директоры Р.Доббс қатысты.

Әңгіме барысында инфрақұрылымдық және индустриялық-инновациялық дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан Қазақстанның қабылдап жатқан шаралары талқыланды.  

Нұрсұлтан Назарбаев оларға VIII Астана экономикалық форумы жұмысына қатысқандары үшін алғыс айтып, биылғы пікірталас өңірлік инфрақұрылымдық даму мәселелеріне арналып отырғанына тоқталды.

« Бүгінде біз көптеген дамушы елдер экономикалық өсімнің іркілуі мен инвестициялардың сыртқа кетуі мәселесіне кезіккенін көріп отырмыз. Дамыған елдерде де бірқатар түйткілдер бар. Қазақстан жаһандық экономиканың бір бөлшегі бола отырып, өңірімізде тұрақтылықты қамтамасыз етуге және орнықты даму үлгісін көрсетуге тырысып келеді. Біздің басты міндеттеріміздің бірі адами капиталды дамытуға инвестиция тарту болып саналады. Осы орайда Астана экономикалық форумы игі дәстүрге айналды. Біздің форумға қатысушыларға әсіресе Қазақстанның инфрақұрылымдық даму үшін қабылдап жатқан шаралары туралы айтарымыз бар. Біздің пікірталастарымыз әлемдік экономиканың дамуына өз үлесін қосады деп үміттенем», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылар назарын әлемдік қоғамдастық алдында тұрғаны мәселелер мен қауіп-қатерлерге аударды.

«Бұларға әлемдік жүйе тәртібіндегі дағдарыс пен елдер арасындағы сенімнің жоғалуы, жаһандық экономиканың турбуленттілігі, климаттың өзгеруі, ара-жік ажыратудың жаңа, соның ішінде Орталық Азия өңіріндегі көрінісі, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың бейбітшілікті сақтау қабілетінің әлсіреуі жатады. Егер біз осы қатерлермен күресудің жолдарын ұсынатын болсақ, ол ілгерілеу мен экономиканы дамытудың жаңа көкжиегін ашуға, демек адамдардың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуге қатысушылар VIII Астана экономикалық форумы жаһандық әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылайтын маңызды пікірталас алаңы болып саналатынын айтты.

Нобель сыйлығының лауреаты Ф.-Э.Кидланд Қазақстан Президентіне форумға шақырылғаны үшін алғыс айтып, Қазақстан әлемдегі мейлінше жедел дамып келе жатқан елдің бірі екеніне тоқталып өтті.

« Қазақстан бетпе-бет келген сын-қатердің бірі орнықты өсімді сақтау үшін қажет білікті мамандар іздестіру болды. Осыған байланысты елдің мүддесіне толық сай келетін білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге Сіздің жұмсаған күш-жігеріңізді атап айтуға рұқсат етіңіз», – деді Ф.-Э.Кидланд.

ЭЫДҰ-ның Сыртқы байланыстар жөніндегі директоратының басшысы М.Бонтури Нұрсұлтан Назарбаевты елдің президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, мемлекет құру ісіндегі «100 нақты қадам» бағдарламасының дер кезінде қабылданғанын айтты.

«Қазақстанмен арада нығайып келе жатқан өзара іс-қимылды біз мақтаныш етеміз. Біздің ұйым халықтың табысы төмен, тұрмысы нашар тобының әл-ауқатын және әйелдерді еңбекке тарту деңгейін арттыру мәселелері бойынша ынтымақтастық жасайды. Мен экономиканың орнықты дамуы мен теңгермелі өсімін қамтамасыз ету бағытындағы Қазақстанның күш-жігері мен өршіл жоспарларын толық қолдайтынымызға Сізді сендіргім келеді», – деді М.Бонтури.

 




Яндекс.Метрика