Басқару

Н.Назарбаев ҚТЖ басшысына Астанадан шұғыла тәрізді тарайтын автокөлік жолдарын салу және қалпына келтіру жұмыстарын қадағалауды тапсырды

Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы»АҚ президенті Асқар Маминмен кездесті деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан20 Мамыр , 17:34

А.Мамин Мемлекет басшысына компанияның қазіргі қызметі, оның еншілес кәсіпорындарының тиімділігін арттыру шаралары, негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады.

Қазақстан Президенті елімізде іске асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасының маңыздылығына, оның аясында ауқымды жұмыстар жоспарланғанына тоқталды.

«Астанадан шұғыла тәрізді тарайтын автокөлік жолдарын салу және қалпына келтіру мәселесін тұрақты бақылауда ұстау қажет. Бұл жұмыстар өндірушілерді техника мен құрылыс материалдарын жеткізу жөніндегі тапсырыстармен қамтамасыз ете отырып, мультипликативті әсерге ие болмақ. Бұл экономика үшін қиын уақытта оны дамытудың драйверіне айналады. Біздің еліміз Жібек жолының «экономикалық белдеуіне» кіретіндіктен, Қытай Халық Республикасы да қолдау көрсететін болады», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Астанада халықаралық қаржы орталығын құру ісі де көлік-логистика саласын дамыту жұмыстарын жүргізуді қажет ететінін айтты.

«Елорданы Дубай, Франкфурт, Гонконг сияқты жетекші қаржы орталықтарымен байланыстыру қажет. Азаматтық авиация саласында осыған дайындалып, жаңа бағыттарды игерген жөн. Сонымен қатар біз ішкі рейстерді кеңейту үшін авиакомпаниялар құруға тиіспіз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Қазақстан темір жолы» АҚ президенті «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңа теміржол, автомобиль магистральдарын салу, теңіз порттары мен әуежайлардың инфрақұрылымын қайта жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды. Соның ішінде ол Инфрақұрылымдық даму жоспарында межеленген бірқатар ірі жобалардың жүзеге асырылуы туралы айтты.  Батыс өңірдің көлік жүйесін дамыту мақсатында Ақтау теңіз портын кеңейтуге мүмкіндік беретін үш жаңа жүк терминалы салынды. Боржақты – Ерсай теміржол желісі салынып жатыр.

А.Мамин Қазақстанды Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті күш-жігер жұмсалып жатқанын атап өтті. Сол үшін елдің ішінде және шетелде логистикалық инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытында контейнерлік тасымал соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша 15 есеге өседі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Үндістанға транзиттік тасымал ұйымдастыру мәселесі де пысықталуда. 




Яндекс.Метрика