Үкімет

ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияны басқарады

Елбасы Жаңғырту мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссия құру мәселесіне арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы30 Сәуір , 17:35

Қазақстан Президенті ел алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойылғанын мәлімдеді.

Комиссияны Премьер-Министр К.Мәсімов басқарады, орынбасары Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин болады.

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі жұмыс тобын Президенттің көмекшісі Е.Орынбаев, заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, экономика мәселелері жөніндегі жұмыс тобын ұлттық экономика министрі Е.Досаев, біртектілік және бірлік жөніндегі жұмыс тобын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев, есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын Парламент Мәжілісінің төрағасының орынбасары Д.Назарбаева басқарады.

Сондай-ақ комиссия құрамына шетелдік консультант ретінде «Назарбаев Университеті» АБҰ президенті Ш.Катцу кірді.

Мемлекет басшысы Үкімет құрамы сақталатынын айтты.

– Олардың бәрі осы құрамда ынтымақпен жұмыс істеді, қойылған міндеттерді орындай алды. Мен ешқайсысын да алмастыру қажеттігін көріп тұрған жоқпын, сондықтан жұмыстарын жалғастыратын болады, – деді Қазақстан Президенті.

 




Яндекс.Метрика