Сайлау-2015

2015 жылғы Қазақстан Президентінің сайлауы: хронология

Қазақстанда Президент сайлауы аяқталды. Қазақстандықтар экономикасы дамыған, тұрақты, гүлденген мемлекет үшін дауыс берді. Сайлау науқанының кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі бастамаcынан бастап ұлықтау рәсіміне дейінгі аралықтағы үдерістерді бір еске түсіріп өтсек.
Астана қаласы30 Сәуір , 17:49

Бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2015 жылдың 14-ақпанында кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасынан басталды. Ассамблея өкілдерінің байқауынша, 2016 жылғы Президенттік сайлау Парламенттік сайлаумен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Конституциясы бойынша Президент пен Парламент сайлауын бір жылда өткізуге болмайды. Сол себепті көптеген саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ҚХА-ның бастамасын қолдады.    

«2015 жылы кезектен тыс сайлау өткізу дағдарыстан шығумен бірдей. Ал Президент пен Парламент сайлауын бөлек өткізу уақыт ұтып, қаржы үнемдеуге қолайлы болды. Оның үстіне кезектент тыс сайлау бүгінгідей әлемдік геосаяси және экономикалық жағдайдың күрделеніп тұрған тұсында мемлекеттік және өкілетті органдар мен өзге де салаларды басқа мәселелерге алаңдамай, бар күш-жігерді елді дағдарысты жағдайдан жедел алып шығуға мүмкіндік беретін еді. Сол себепті біз кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бастамасын қолдаймыз және қалың көпшілікті бүгінгідей қиын уақытта бір кісідей жұмылып, ауызбіршілік танытуға шақырамыз»,-деді саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов.

Ақорданың мәліметтерінше, кезектен тыс Президент сайлауын «Қазақстан-2050» жалпыхалықтық коалициясы демократиялық күштері де қолдады. Оның құрамында 6 саяси партия мен 18 қоғамдық бірлестік, 500 аймақтық үкіметтек емес ұйым бар. «Бүгінгі таңда менің атыма кәсіпорындардың еңбек ұжымдарынан, түрлі жастағы азаматтар мен сала мамандарынан көптеген хаттар келіп түсіп жатыр. Бұл азаматтарымыздың саяси белсенділігі артып, елдің тағдырына алаңдай бастағаны»,-деді Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған сөзінде.

Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізу бойынша, Парламентпен, Үкіметпен және Конституциялық кеңеспен кеңесті.

«Қалың көпшіліктің өтініштерін қабыл ала отырып, мен еліміздің басты заңының талаптарына сәйкес, 2015 жылдың 26-сәуірінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу қажет деп шештім. Қазақстан үшін сайлау қоғамдағы бірлік пен келісімнің ең жоғарғы тетігі болып келді. Мен бүгін де және алдағы уақытта да солай бола беретініне сенімдімін»,-деді Мемлекет басшысы халыққа айтқан Үндеуінде.   

Бұдан соң Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президент сайлауына дайындыққа кірісті.  Осы кезден бастап-ақ  үміткерлерді ұсыну басталып, бұл шара 15-наурызға дейін жалғасты. Үміткерлерді тіркеу олардың қажетті құжаттарды толық тапсырып біткен соң басталып, 25-наурызда аяқталды. Сайлауға қатысуға ОСК мәліметтері бойынша 27 адам өтініш берді. Алайда, Президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптар бойынша тек Нұрсұлтан Назарбаев, Тұрғын Сыздықов пен Әбілғазы Құсайынов қана Президенттіктен  кандидат болып тіркелді.  

Сайлауалды үгіт жұмыстары 26 мамыр мен 24 сәуір аралығында өтті. 26-сәуірде 9 мың 741 сайлау учаскесінде кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, дауыс беруге Қазақстан тарихында алғаш рет сайлаушылардың  95,22 пайызы қатысты. Еліміздің барлық аймақтары бойынша жүргізілген жалпыұлттық exit-poll нәтижесі бойынша азаматтардың 97,5 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа, 1,87 пайызы Тұрғын Сыздықовқа, 0,63 пайызы Әбілғазы Құсайыновқа дауыс берді. Сарапшылардың айтуларынша, дауыс берудің саны жағынан бұл  жолғы сайлау тарих қойнауына енбек.    

Сайлау барысын 1020 халықаралық байқаушы қадағалады. Олардың пікірлерінше, Қазақстандағы сайлау көптеген мемлекеттермен салыстырғанда жоғары деңгейде өтті. «Егер Қазақстандағы сайлауды Еуропа елдерімен салыстыратын болсақ, оның ішінде Сербиямен Қазақстанда ол өте жоғары деңгейде өтті»,-деді Сербияның халықтық скупщинасының депутаты, халықаралық байқаушы Драгомир Карич.  

Сайлаудың қорытындылары бойынша, 28-сәуірде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Н.Назарбаевтың ұлықтау рәсімі өтті. Қайта сайланған Елбасы Қазақстан халқының алдында Ант қабылдады. Конституцияға сәйкес, Ұлт Көшбасшысы Ата заңымыздың кепілі болып есептеледі.  

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика