Парламент

Мәжілісте «Төрелік туралы» заң жобасы таныстырылды

ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевтің жетекшілігінде «Төрелік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының заң жобалары таныстырылды, деп хабарлады Мәжіліс.
Астана қаласы 30 Сәуір, 18:08

«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2014 жылғы 2 қыркүйектегі ҚР Парламенті бесінші шақырылымының төртінші сессиясының ашылуында төрелік туралы бірыңғай заң әзірлеуді  тапсырған болатын.

Заң жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызу, иннвистиция тартуды ынталандыру және де мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады. Мемлекет басшысы өз сөзінде «инвестициялық қызметтің тиімділігі үшін» төреліктің толыққанды дамуы қажет екендігін атап өтті.

Жалпыға ортақ қабылданған халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін отандық төрелікті дамыту жөніндегі шаралар кешенін қабылдау мүмкіндігін қарастырған жөн»,-деген болатын. Елбасы кешегі ант беру рәсімінде сөйлеген сөзінде де Астанадан төрелік орталығын ашу мақсаты барын атап өтті,- деп бастады өз кіріспе сөзінде комитет төрағасы Рахмет Мұқашев.

Заң жобасымен Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина таныстырды. Заң жобасы халықаралық төрелік және аралық сот қызметін реттейтін арнайы заңдарды шоғырландыруға бағытталған. Осындай шоғырландыру дауларды соттан тыс шешу жүйесін нығайту процесіне оң әсерін тигізеді.

Заң жобасы төрелік саласындағы ұлттық практиканы  1985 жылғы халықаралық коммерциялық төрелік туралы ЮНСИТРАЛ үлгілік заңы; 1958 жылғы Шетелдiк төрелiк шешiмдерiн тану және iске асыру туралы Нью-Йорк конвенциясы;1961 жылғы Сыртқы сауда төрелiгi туралы Еуропа конвенциясы сияқты халықаралық стандарттарға сәйкестікке келтіруге бағытталған.    

 Осылайша заң жобаларының нормалары жалпы қабылданған халықаралық стандарттарды енгізу арқылы отандық төрелікті дамытуға бағытталған, бұл қоғамдық құқықтық мәдениетті дамыту дәрежесінің индикаторы болып табылады, сондай-ақ мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы көрсеткіштерінің бірі.   «Төрелік туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының құрылымы 7 тараудан және 60 баптан тұрады.

Ол мынадай дауларды: кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделерін қозғайтын; мүліктік қатынастарға байланысты емес жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын; банкроттық және оңалту туралы; табиғи монополиялар субъектілері мен олардың тұтынушылары арасындағы дауларды қоспағанда, барлық мүліктік дауларды қарастырады.     

 Бірқатар заңнамалық актілерге оларды әзірленіп жатқан Заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында бір мезгілде өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады, атап айтқанда: Қазақстан Республикасының Азаматтық кодесі (жалпы бөлім); Қазақстан Республикасының Қылмыстық – процестік кодексі; Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі; Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексі» (Салық кодексі); Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық»  Кодексі; «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, т.б. он сегіз заңнамаға өзгеріс енгізілетіні көзделген. Ілеспе заң жобасында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына мынадай түзетулер енгізу ұсынылады:

«Төрелік туралы» заң жобасының қабылдануымен күшін жоятын заңдарға сілтеме көзделетін заңнамалық актілердегі тиісті нормаларды қайта қарау;     «төрелік» жинақтық терминін дауда халықаралық элементтің болуына қарамастан, жеке құқықтық дауларды шешетін төреліктің барлық түрлерін белгілеу үшін қолдану;    Азаматтық іс жүргізу кодекстің төрелік шешімінің күшін жою туралы істер бойынша іс жүргізу және олардың шешімдерін орындау туралы нормаларын «Төрелік туралы» заң жобасының нормаларымен сәйкестендіру; төрешілердің және төрелік талқылаудың тараптарының төрелік талқылау жүргізу барысында белгілі болған мәліметтерді жария еткені үшін олардың құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік жауаптылығын белгілеу.





Яндекс.Метрика