Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

Н.Назарбаевтың атына сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтаулар келіп түсуде

Мемлекет басшысының атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилиден құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы29 Сәуір , 15:06

Георгий Маргвелашвили Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізген.

«Қазақстан халқының бірлігі байқатқан сайлауға қатысудың өте жоғары көрсеткіші халық игілігі жолындағы көпжылдық қажырлы еңбегіңізді ғана емес, елді бұдан әрі де жан-жақты дамыту үшін Сіз қойған мақсаттарды да қалтқысыз қолдаудың көрінісі болып саналады. Қазақстан халқы Сіздің дана саясаткер және мемлекет қайраткері ретіндегі бай тәжірибеңізді ескере отырып, татулық, тұрақтылық үшін, азаматтардың және бүкіл республиканың бұдан арғы бақуаттылығы үшін таңдау жасағаны сөзсіз», – делінген жеделхатта.

Грузия Президенті Қазақстан-Грузия қарым-қатынасын нығайтуға байланысты мәселелер алдағы уақытта да Нұрсұлтан Назарбаевтың назарында боларына  үміттенетінін жеткізген.

Соңында Г.Маргвелашвили Қазақстан Президентіне Қазақстан халқының игілігі жолындағы барлық бастамаларына табыс тіледі.

Сондай-ақ,  Петр Порошенко да Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

«Сіз алған халық сенімінің жаңа мандаты Қазақстанның заманауи мемлекеттілігінің табысты дамуына қосқан үлесіңіздің мойындалғанын айғақтайды», – делінген жеделхатта.

Украина Президенті еліне оның тарихының күрделі кезеңінде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылық білдірген.  

«Бірлескен күш-жігеріміз арқылы біз екіжақты қарым-қатынасты жандандырып, елдеріміз арасындағы көпқырлы ынтымақтастық аясын кеңейтеміз деген сенімдемін», – делінген құттықтауда.

Соңында П.Порошенко Қазақстан Президентіне мықты денсаулық, бақуаттылық және жауапты мемлекеттік қызметіне жаңа табыс, ал достас Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика