Адамзаттық капитал

Алматыда ҰОС ардагерлері қоғамдық белсенді қызметі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды

Алматы әкімі Ахметжан Есімов Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды, деп хабарлады қала әкімдігі.
Алматы қаласы29 Сәуір , 08:54

ҚР Президентінің «Мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 70 жылдығына орай» Жарлығымен мемлекеттік марапатқа 48 алматылық ардагер ұсынылған-ды, олардың ішінде ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен - 1, «Құрмет» орденімен - 15, «Ерен еңбегі үшін» медалімен - 17 және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен - 15 ҰОС-ның ардагерлері мен тыл еңбеккерлері марапатталды. Алматы әкімі ардагерлерді алда болатын Қазақстан халықтарының Бірлігі күнімен және ҰОС Жеңіс күнінің 70 жылдығымен құттықтады.

Қала әкімі Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқасында елімізде қазақстандықтарға, соның ішінде ардагерлерге барлық жағдайлардың жасалып жатқандығын айтты. Мысалы, мерекелік датаға орай ҰОС-на қатысушыларға республикалық бюджеттен 25 мыңнан 100 мың теңгеге дейін, ал жергілікті бюджеттен 30 мыңнан 150 мыңға дейін бір реттік жәрдем ақша бөлінгендігін жеткізді.

«Бұрынғы Кеңестер Одағының бірқатар елдерінде осынау ұлы оқиға аталмайды, ал бізде, Қазақстанда ардагерлерге барынша үлкен қамқорлық көрсетіліп, қосымша ақшалай қаржы бөлінуде. Тағы бір атап өтерлік жайт, біздің Президентіміз қоғамдық өмірге белсенді қатысып жүрген ардагерлерді мемлекеттік наградаларға ұсыну жөнінде арнайы өкім шығарды», - деді Ахметжан Есімов.

Бұдан өзге ҚР Президентінің Жарлығымен алматылық 23 855 ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және блокадада болғандар «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 70 жылдығы құрметіне» арналған бірыңғай мерекелік медалімен марапатталды.

Қазіргі кезде Алматыда 817 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлері тұрады.

 




Яндекс.Метрика