Үкімет

Н.Назарбаевтың атына сайлауда жеңіске жеткеніне орай жеделхаттар келіп түсті

Мемлекет басшысы атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоннан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы27 Сәуір , 18:47

Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізген.

«Өзінің ерік-қалауы арқылы Қазақстан халқы елді өркендетуге, оның халықаралық аренадағы беделін үздіксіз арттыруға және халқының бақуаттылығына бағытталған Сіздің жасампаз саясатыңызды кеңінен және шүбәсіз түрде қолдайтынын бүкіл әлемге паш етті. Бұл жолда жеткен жетістіктер Сіздің есіміңізбен тікелей байланысты», – делінген жеделхатта.  

Тәжікстан Президенті сондай-ақ өзара тиімді екіжақты қарым-қатынастың дамуын атап өткен.

«Сіз алда да елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы өзара ықпалдастықтың аясы кеңейе, тереңдей түсуіне септігіңізді тигізе беретініңізге сенімдімін. Өз тарапымыздан біз екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюы үшін қажетті нәрсенің барлығын жасайтын боламыз», – делінген жеделхатта.

Соңында Эмомали Рахмон Мемлекет басшысына мықты денсаулық, ұзақ өмір, Қазақстанның дамуы жолында тың табыстар мен жаңа жетістіктер тіледі. 

Мемлекет басшысы атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовтен құттықтау жеделхаты келіп түсті.

Ислам Кәрімов Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

«Өткен сайлаудағы Сіздің айқын жеңісіңіз халықтың жоғары сенімінің және өзіңіздің көреген басшылығыңызбен жүргізілген, Қазақстан халқының бақуаттылығына, сондай-ақ елдің халықаралық аренадағы рөлі мен беделін арттыруға бағытталған қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық терең реформаларды қолдауының айшықты айғағы болды», – делінген жеделхатта.   

Өзбекстан Президенті сан ғасырлық дәстүрлі достыққа, тату көршілестікке және өзара құрметке  негізделген жан-жақты даму мен екіжақты қарым-қатынастың нығаюы бұдан әрі де екі ел халқының мүддесіне, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына қызмет ете беретініне сенім білдірген.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-жігер және мемлекеттік қызметіңізге жаңа табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тілеймін», – делінген құттықтауда.

Ислам Кәрімов сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы жеңісімен кейінірек телефон арқылы сөйлесу кезінде де құттықтады.

Бұдан бөлек, Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және Өзбекстан Президентінің елімізге 2014 жылғы қарашада келген ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады.

Телефон арқылы сөйлесуге өзбек тарапы бастамашы болды. 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика