Парламент

Өткен сайлау біздің еліміз үшін өте маңызды – Қ.Сұлтанов

Мәжілісте ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары – «Нұр Отан» партиясы фракциясының Жетекшісі Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен фракция жиналысы өтіп, онда 2015 жылғы 26 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлаудың алдын ала қорытындысы қаралды.
Астана қаласы27 Сәуір , 14:32

Мәжіліс хабарлағандай, Дариға Назарбаева сайлаудың алдын-ала нәтижелеріне қарағанда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңіске жеткенін айта келіп, әріптестеріне құттықтау сөзін арнады.  

«Қазіргі Президенттің сөзсіз жеңісі – бұл халықтың игілігі үшін тынымсыз еңбегі, әр қазақстандықтың өмір сапасын қамтамасыз етуге, мемлекетті дамытуға және Қазақстанның әлемдегі орынын нығайтуға бағытталған саясатының нәтижесі» деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Жиналыс барысында Мәжіліс депутаттары – «Нұр Отан» партиясының мүшелері Қуаныш Сұлтанов, Майра Айсина, Николай Логутов, Б. Ертаев, С. Әйімбетов, М. Тінікеев Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев сөз сөйледі.

Партия Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Қуаныш Сұлтанов өткен сайлау біздің еліміз үшін өте маңызды және сайлаушылардың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бағытын жалғастыру үшін берген дауыстары - Елбасына деген Қазақстан халқының жоғары сенімін білдіреді деп атап өтті.

Майра Айсина Республикалық қоғамдық штабтың жұмысы, аймақтардағы сайлаушылармен болған кездесулер туралы әріптестерін хабардар етіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасының тиімділігі мен айқындылығына тоқталды.  

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Николай Логутов өзінің сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» партиясының депутаттық корпусының алдында Елбасының белгілеген бес институционалдық реформасын, заңнамалық қамтамасыз етуді талап ететін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасын  іске асыру бойынша міндеттерді айтты.

 Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің депутаты Жұматай Әлиев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың белгілеген бейбітшілік, келісім және төзімділік жолдары біздің табысқа жетуімізге негіз болатын бірегей жол екендігін атап өтті.

Қорытындылай келе Дариға Назарбаева депутаттарға сайлауалды науқан кезіндегі белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді және әріптестерді бес институционалдық реформаны, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасын іске асыру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруға шақырды.   

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика