Сайлау-2015

ҚР Президенті сайлауына қатысушылардың рекордтық көрсеткіші әлем тарихына енеді

ОСК мәліметтері бойынша биылғы президенттік сайлауда тұңғыш рет сайлаушылардың жоғары белсенділігі байқалды - сайлауға қатысу 95,11%, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қаласы26 Сәуір , 22:38

Халықаралық және қазақстандық сарапшылар мен байқаушылардың атап өтуінше, мұндай рекордтық деңгейде сайлауға қатысу әлемдік сайлау үдерісі тарихына енеді.

Сайлау өткізудің осындай деңгейі мен оған қатысудың осыншама жоғары тарихи көрсеткішін байқаушылар өзге елдерде көрмеген.

Бүгінде қазақстандықтардың Президент сайлауына қатысу деңгейін сенсация деп бағалауға болады - еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін барлығы отбасыларымен, еңбек ұжымдарымен таңертеңнен сайлау учаскелеріне ағылды.

Сайлау учаскесі ашылмай тұрып кезекке тұрған  сайлаушылар ағыны жабылғанға дейін толастаған жоқ.

Бүгін қазақстандықтар  бұрын-соңды болмаған белсенділік көрсетіп, сайлаушылар саны бойынша сенсациялық жоғары көрсеткішке жетті.

Жәрмеңкелер мен концерттер ұйымдастырылып, сайлау жалпы халықтық мерекелік көңіл-күйде өтті.

Сайлау науқанын 10000-нан астам отандық, 1000-нан астам шетелдік байқаушылар мен ұйымдар бақылады. Олардың бәрі сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтуде, олардың бағалауы бойынша, бұл транспарентті, ашық және әділ сайлаудың жарқын көрінісі іспеттес.

Шетелдік байқаушылар Қазақстандағы сайлау демократиялық және халықаралық стандартқа сәйкес өткендігін, қазақстандық сайлаушылардың сайлау күнгі белсенділігін, әсіресе жастардың ұйымшылдық көрсеткендігін айрықша атап өткен.

Ең алдымен бұл - қазақстандықтардың патриоттығын, азаматтардың саяси сауаттылығы мен олардың электоралды мәдениетін, сондай-ақ елдің бірлігін, азаматтық белсенді позициясын білдіреді.

Сайлауға ақпарттық қолдау да жоғары деңгейде болды.

Қазақстанның барлық БАҚ-тарында, оның ішінде Интернет, әлеуметтік желілерде сайлау тақырыбы таңның атысынан кеш қарайып батқанға дейін басты тақырыпқа айналды.

Қазақстандағы Президент сайлауы туралы 37 мемлекеттен келген 200-ден аса журналист ақпарат таратты.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика