Ұлттың денсаулығы

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2014 жылдың үздік ауыр атлеттерін марапаттады (ФОТО)

Бүгін Астанада «Жылдың үздік ауыр атлеті» атағының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті.
Астана қаласы 24 Сәуір, 16:45

Елімізден екі дүркін олимипиада чемпионы Илья Ильин мен ресейлік спортшы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Татьяна Каширина 2014 жылдың үздік спортшы атақтарына лайықты деп  танылды. 

«Кез-келген мемлекеттің дамуында спорт үлкен маңызға ие, спорттың арқасында өзге мемлекеттер мен ұлттар әлемде Қазақстан сияқты мемлекеттің, қазақ деген халықтың бар екендігін білуде. Біз сіздермен бірге 3 жыл бұрын біздің спортшыларымыз Лондонда 7 алтын медаль алып, жалпыкомандалық есепте 12-ші орынға шыққандығының куәсі болдық. Бұл жас Қазақстан үшін үлкен жетістік»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.

Оның сөзінше, осының барлығы мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың нәтижесі.

«Мемлекет басшысы спорттың дамуына үлкен көңіл бөліп келеді, өйткені Елбасы мемлекеттің дамуы бірінші кезекте азаматтардың денсаулықтарына байланысты екендігін жақсы түсінеді. Президент 2020 жылға қарай елімізде спортпен айналысатын азаматтар санын халықтың 30 пайызына жеткізу қажеттігін тектен-тек айтқан жоқ. Егер біз әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіргіміз келсе, спортпен айналысуымыз керек»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми журналы «Ауыр атлетика әлемі» жанкүйерлер арасындағы интернет дауыс берудің нәтижесінде ерлер мен әйелдер арасындағы әлемнің ең үздік ауыр атлеттерін анықтады. Дауыс беру нәтижесінде әлемнің 46 мемлекетінен 2 мың адам дауыс берген. Дауыс беру сайт арқылы жүргізіліп, дауыс қорытындылары 2015 жылдың наурызында шығарылды. Оның нәтижесі бойынша, 2014 жылдың ең үздік ауыр атлеті деп Илья Ильин мен Татьяна Киаширина танылды.

Ал әйелдер арасындағы ауыр атлеттердің ішінде екінші орынды Зульфия Чиньшанло алды. 2014 жылдың үздік ауыр атлеттерінің ішінде үшінші орын қытайлық спортшы Денг Вейге бұйырды. Ерлер арасындағы үздік атлет атағы бойынша екінші орынды қытайлық спортшы, олимпиада чемпионы және әлем чемпионы Ляо Хуэю жеңіп алды. Үшінші орын үшін ерлер арасында үлкен тартыс болды. Нәтижесінде үшінші жүлделі орын ресейлік Руслан Албеговке бұйырды.            

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың ең үздік ауыр атлеті аталымын «Ауыр атлетика әлемі» журналының редакторы Йено Боскович тағайындады. Бас редактордың атындағы «Йено Боскович атындағы кубок» жыл сайын ең үздік атлеттерге беріледі. Қазақстандық атлеттерге бұл награда бірінші рет беріліп отырпған жоқ. Бұл үлкен атақты Илья Ильин 2005-2006 жылдары қатарынан екі рет алған. 2013 жылы оны Зульфия Чиньшаньло алды. Ал 2010 жылы аталмыш атаққа Светлана Подобедова ие болған болатын.    

Индира Кауметова

ФОТО Азамат Алиев





Яндекс.Метрика