Өңірлер

ШҚО-ның Жарма ауданындағы жаңа қабылдау пункті күніне 850 литр сүт қабылдай алады (ФОТО)

Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында халықтан сүт жинау пункттері іске қосылды, деп хабарлады ШҚО-ның Ақпараттық орталығы.
Шығыс Қазақстан 24 Сәуір, 18:17

Жарма ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов Бірлік ауылында «Имадилов» шаруа қожалығының сүт қабылдау пунктімен танысты. Ресейден әкелінген 3 тонналық заманауи «Fresh milk» сүт сақтағыш құрылғысы халықтан күніне 850 литр сүт жинап, өңірдегі сүт зауыттарына жолдауға мүмкіндік береді. Құны 3 млн. 200 мың теңге тұратын кешен «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ несиесі арқылы алынған.

«Бұған дейін ауыл халқы сауылған сүттерін өткізе алмай қиналатын. Ал қазір біз мұнда сүттің литрін 60 теңгеден қабылдаймыз. Тек Бірлік ауылында ғана 184 отбасы келіп сүт өткізеді», – деді шаруа қожалығының басшысы Ерболат Имадилов.

Өз кезегінде өңір басшысы халықтан сүт қабылдау кезінде ең алдымен санитарлық-гигиеналық қауіпсіздікті сақтау маңыздылығын айтып өтті.

«Сүт өткізу кезінде тұрғындардың барлығында бірыңғай бидон болуы тиіс. Бидонға құйылып әкелінбесе, пункт сүтті қабылдамауы керек. Осы арқылы біз сапалы әрі қауіпсіз сүт өнімдерін өндіруге қол жеткіземіз. Әлемдік стандарттарға сай сүт қабылдау пункттерін ұйымдастыру маңызды», – деп түйді Д. Ахметов.

2016 жылға дейін Жарма ауданы бойынша дәл осындай заманауи құрылғы әкеліп, жалпы 5 сүт қабылдау пунктін ашу жоспарланған.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында 115 елді мекен тұрғындарынан сүт жинап, жергілікті сүт зауыттарының 54% шикізатын беретін 37 сүт-тауар фермасын ұйымдастыру қолға алынған.





Яндекс.Метрика