Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

Көлік бағыттарын оңтайландыру Алматы қаласындағы жолаушылар ағынын көбейтеді – А.Есімов

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке қаланың көлік бағыттарын оңтайландырудың жобасы көрсетілді. Жоба француздардың «Sistra» компаниясымен бірлесіп дайындалған, деп хабарлайды әкімдік.
Алматы қаласы24 Сәуір , 18:01

Естеріңізге салайық, жобаны Алматы қаласының әкімдігі қоғамдық көліктің жұмысын жетілдіру мақсатында БҰҰ ДБ «Алматы қаласының тұрақты көлігі» атты бағдарламасымен бірге  дайындаған.  

Жобаның авторы Нил Берштің айтуынша, тұжырымдаманың негізіне қоғамдық тасымал жүйесінде басымдықтарды белгілеу сияқты түйінді шешімдер енгізілген. Басқаша айтқанда, метромен бәсекелесетін және оның бағыттарын қайталайтын автобустар мен өзге де бірқатар бағыттарды қысқарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, болашақта көліктің перспективті түрлерінің бірі ретінде жеткізуші бағыттарды енгізу жөнінде ұсыныс жасалды.    

Қала әкімі жобаның тұжырымдамасымен танысып шығып, оның өзекті екендігін атап өтті. Алайда, ол құжатқа қатысты өзінің бірқатар ескертулерін жасап, оны бүгінгі күннің жағдайы мен мегаполисті дамыту болашағы негізінде 1 айдың көлемінде жетілдіріп бітіру қажеттігін айтты. Бұл ретте ол қолда бар ресурстарды сауатты әрі тиімді пайдалану мәселесіне жіті назар аударды. Әкімдік мәліметтерінше, қалада «Сайран» және «Мәскеу» жаңа стансалары қосылғанан кейін 3-4 күннің ішінде Алматының жерасты жолын  пайдаланушылар саны екі есеге артып, бүгінгі таңда 40 мың адамнан асқан. Қала басшысы тұжырымдамалық шешімдер қабылдауда басты мәселе метромен байланысты болуы керек екендігін, ал болашақта  жеңілрельсті көліктер мен метробустар басымдыққа ие болатындығын атап өтті.      

Шаһар басшысының айтуынша, бүгінгі таңда мегаполистің қоғамдық көлік жүйесіндегі барлық реформалар өздерінің тиімділіктерін көрсетіп, көлік саласындағы жағдайдың тұрақтануына ықпал етті және қызмет көрсету сапасын арттырды.  2015 жылдың 1-ші тоқсанында барлық көліктермен тасымалданған жолаушылар саны 70,6 миллион адамды құрады, бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,2 пайыз болып отыр. 




Яндекс.Метрика