ҚР ИИДМБ

СҚО-да 10 жоба Индустрияландыру картасына енгізілетін болды

Аймақтық үйлестіру кеңесінің мәжілісінде құны 33 миллиард теңге болатын 11 жоба қаралды. Жобалар жүзеге асса, 700 жұмыс орны ашылады, деп хабарлады аймақтың әкімдігі.
Солтүстік Қазақстан24 Сәуір , 15:53

«Жыл басынан бері 12 жоба қаралып, олардың 10 Индустрияландыру картасына енгізуге болады деп мақұлданды»,-деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов үйлестіру кеңесінің мәжілісін ашып тұрып.

Кеңеске ұсынылған бірінші жоба май дақылдарын қайта өңдеуге арналған зауыт салумен байланысты. Индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Марат Ысқақов «Зенченко и КО» компаниясы жылына 40 мың тоннан өсімдік майын шығаруды жоспарлап отырғандығын айтты. Жобаның құны 1,4 миллиард теңге және 30 жұмыс орны ашылады.      

«Біздің облысымызда тағам өнеркәсібі саласы бойынша алғашқы жобаны «Грибной мир» ЖШС өкілдері ұсынып отыр. Компанияның атқарушы директоры Баян Медетбаева шампиньон өсірумен қатар 2016 жылы зауыт саңырауқұлақтарды қайта өңдейтін қызметті іске қосатынын айтты. Бұл жұмыс барысында олар  жергілікті құс зауыттарының қалдықтарын қолданбақ. Жоспарды жүзеге асыру үшін 1,2 миллиард теңге қажет. 90 жұмыс орны ашылады»,-делінген хабарламада.   

«Сабан қағазы» ЖШС болса, целлюлоза шығарып, қазақстандық қағаз комбинаттарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етпек. Ал «Мұса» шаруа қожалығының басшысы Қадралы Сайдуов отын гранулаларын қайта өңдемек. Үйлестіру кеңесінің қарауына сонымен қатар пластикалық терезелер дайындау, дезинфекциялайтын заттар шығаратын кәсіпорын ашу, нан өнімдерін шығаратын өндіріс құру сияқты көптеген жобалар ұсынылды.

Мәжілістің қорытындысы бойынша Индустрияландыру картасына енгізу үшін 10 жоба мақұлданды.   

 

 




Яндекс.Метрика