Сайлау-2015

ҚР Бас прокуратурасы сайлау заңнамасының талаптарын сақтау барысын түсіндірді

Прокуратура органдары 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезеңінде сайлау заңнамасының дәлме-дәл және бiркелкі қолданылуының заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыруды жалғастыруда. Ведомсвтодан хабарлағандай, бүгінгі күнге сайлау комиссиялары немесе мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Астана қаласы24 Сәуір , 13:06

Тек қана сайлау алдындағы үгітті өткізу, сондай-ақ қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн жариялау шарттарының жекелеген бұзушылықтары орын алған, олар бойынша алдын алу сипатындағы шаралар қабылданды.   

Жалпы, сайлау қарсаңындағы күнге, үгіттеуді қоса алғанда, барлық іс-шаралар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) талаптарына сәйкес өткізілді.

Дегенмен, сайлау қарсаңындағы, сондай-ақ сайлау күні құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сайлау процесінің барлық қатысушыларының назарын заңнаманың келесі нормаларына аударамыз.      

Конституциялық заңның 27-бабының 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгiт сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта, яғни, 2015 жылғы 24 сәуірдегі 00.00 сағатта аяқталады.

Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады (Конституциялық заңның 32-бабы).

Бұл ретте, сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.

Дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялауға жол берілмейдi.

Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады (Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы).

Конституциялық заңның 39-бабының 2-тармағына сай дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы тәртiпке жауапты болады және Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез-келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге құқылы.

 Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс беретінін атап өтеміз.

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi (Конституциялық заңның 41-бабы).

«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы:

- сайлау алдындағы үгiттi сайлау күнi не оның алдындағы күнi жүргiзгені;

- екі не одан көп рет немесе басқа сайлаушыға дауыс беру жолымен тең сайлау құқығы туралы талаптарды бұзғаны;

- басқа адамдар үшiн дауыс беруге мүмкіндік беру мақсатында азаматтарға сайлау бюллетеньдерін бергені;

- дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялағаны;

- сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салғаны үшін жауапкершілік туралы ресми ескертеді, - делінген хабарламада. 




Яндекс.Метрика