Білім беру

Павлодар мен Омбы педагогтары бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады

С.Торғайыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінен келген делегация өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігі.
Павлодар24 Сәуір , 11:49

«Кездесу барысында бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми, білім беру бағдарламаларына қатысу мәселелері сөз болды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры А.Орсариев пен Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры А.Якуб жоғары оқу орындарының бірлескен халықаралық бакалавриат пен магистратура бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды»,-делінген хабарламада.  

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректорының айтуынша, екідипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру университеттің әлемдік білім беру кеңістігіне кіру бағытында жасаған тағы бір қадамы болады. «Бұл ретте біз көршілес облыстардың экономикаларына арналған ғылыми жобаларды бірлесіп зерттеу мәселесіне екпін салатын боламыз. Сондай-ақ шет мемлекеттерде тұрып жатқан  қандастарымыздың балаларын ана тіліне үйрету мақсатында арнайы бағдарламалар дайындау да басты міндеттердің бірі болып табылады»,-деді Арын Орсариев.  

Ал Алексей Якубтың сөзінше, екідипломды білім берудің басты басымдығы - көптеген жастар  уақытының басым бөлігінде өз елінде білім алып жүріп-ақ ресейлік дипломды ала алады. «Бұл қазақстандық ата-аналар үшін әрі тиімді әрі шығынды аз қажет етеді. Егер студенттер бірінші курста өздерінің елдерінде білім алса, екінші курста Ресейге білім алуға барады, нәтижесінде студенттік өмірге бейімделу үдерісі жеңілдейді»,-деді ректор.

ҚР БҒМ өкілінің айтуынша, университеттер академиялық ұтқырлықты дамыту бойынша бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруға ынталы. Сондай-ақ олар студенттермен, педагогтармен  алмасып, бірлескен ғылыми-зерттеулер бойынша білім беру бағдарламаларын дайындап, жүзеге асыратын болады.    

Бұған қоса, кездесудің басты нәтижесі қазақ тілін оқытуға арналған инновациялық бағдарламаларды дайындау жұмыстарын жүргізу мен Омбы мектептерінде оқытылатын оқулықтар дайындау бойынша жасалған келісім болды.   

 

 




Яндекс.Метрика