Адамзаттық капитал

Бір отбасынан шыққан әскери қызметкерлердің 4 ұрпағы «Мәңгі есімізде» атты акциясына қатысты

Қазақстандық офицер Дәулет Әлімжановтың отбасы өз әулеттерінде әскери қызмет атқарып келе жатқан төртінші ұрпақ. Даңқты әскери істі олардың отбасында осыдан 74 жыл бұрын батыр майдангер атасы бастаған, одан кейін әскери жолды ұлы, немересі және шөбересі жалғастырды.
Астана қаласы 25 Сәуір, 10:38

«Менің атам Ғабдулқайыр Әлімжанов 1941 жылдың шілдесінде Қызыл армия қатарына шақырылды. Ол Тюменьдегі бірінші жаяу әскерлер әскери училищесінде оқыды. Бір жылдан соң «кіші сержант» әскери атағын алып, 53-ші армиядағы 235-атқыштар дивизиясы 806-шы атқыштар полк құрамында солтүстік-батыс майданға аттанды», - деп ҚР ҚМ  Кадрлар департаменті бастығының орынбасары полковник Дәулет Әлімжанов әңгімелеп берді.

Майдангер жау шабуылына қарсы ұрыстардың бірінде сол аяғынан жарақатанады. Асқынуына байланысты аяғын кесуге тура келді. 1944 жылы Ғабдулқайыр Әлімжанов әскери-дәрігерлік комиссияның шешімімен әскери қызметті одан әрі жалғастыруға мүмкіндігі жоқ ІІ топтағы мүгедек деп танылады. .

«Атам балалары мен немерелеріне соғыс жайында көп әңгімелер айтып беретін. Дәл осы ғибрат менің әкем Абылай Әлімжановтың, одан кейін менің Отан қызметіне баруыма түрткі болды», - дейді офицер.

Дәулет Әлімжановтың өзі Қарулы Күштерінде 1992 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір отбасының мақтанышына айналған әскери істі ұлы – Данияр жалғастырмақ. Ол – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының үшінші курсында оқиды.

Әлімжановтар өз отбасының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрін құрметтейді. Осындай тағылымды мұрагерлік істер қазақстандық әскери қызметшілер арасында аз емес. «Мәңгі есімізде» акциясына қатысу арқылы олар ҰОС батырларына деген құрметін білдіріп, кез-келген уақытта абыройлы әскери қызметтің маңыздылығын көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Мәңгі есімізде» акциясына қатысушылардан өтініш қабылдау аяқталды. Осы іс-шара ресми басталған күнінен бастап, еліміздің түрлі өңірлерінен ҚР ҚК елу әскери қызметшісі өздерінің Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстары мен таныстары туралы ерекше естеліктерімен бөлісті.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 4 мамыры күні осынау акцияның қорытындысына арналған естелік шарасы өтеді.





Яндекс.Метрика