Евразиялық одақ

Берлинде ЕО және ЕАЭО арасындағы ынтымақтастықтың болашақ мүмкіндіктері талқыланды

Берлин қаласында Германияның Федералдық сыртқы істер министрі мен Берлин Бургомистрінің тікелей қолдауымен Германдық экономиканың шығыс комитеті, UniCredit банкі және МЕТРО концерні ұйымдастырған «East Forum Berlin» 3-ші халықаралық конференция өтті, деп хабарлады ҚР СІМ.
Әлемде23 Сәуір , 15:48

Конференция жұмысында Оңтүстік-шығыс және Батыс Еуропа, Орталық Азия мен Кавказ елдерінен 250-ден аса үкіметаралық және іскерлік топтардың өкілдері қатысты.

Конференция шеңберінде Шығыс пен Батыстың арасындағы геосаяси қарсылықтар, Еуропалық Одақ (ЕО) пен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ынтымақтастығының мүмкіндіктері, ЕО Шығыс әріптестігінің жүзеге асырылуы, Еуразиялық континентте еркін сауда және экономикалық гармонизация туралы келісімді қарастыру секілді мәселелер талқыланды.

«ЕО және ЕАЭО: санкциялардан кейін не болады» қайталамалы сессия жұмысына Қазақстаннан ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау қатысты. Ол өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Еуразиялық кеңістікте интеграциялану идеясының бастамашысы ретінде сыртқы экономикалық қатынастың дамуында көп векторлы әдісті ұстанатынын және посткеңестік кеңістікте және одан тыс жерде көптеген экономикалық бірлестіктерде белсенді қатысушы болып табылатынын айтты. Вице-министрдің пікірінше, ЕАЭО өзінің дамуы, кеңеюі және интеграцияның тереңдеуі барысында дүниежүзілік экономикалық және саяси үдерістерге ықпал ете алатындай ірі аймақтық тіпті ғаламдық экономикалық жобаға айналуға жеткілікті алғышарттарға ие. А. Рау кездесу қатысушыларын ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының (ҮИИДМБ) 2-ші кезеңінің жүзеге асыру барысымен таныстырды.

Дискуссия қатысушылары ЕАЭО елдері зор табиғи және адами ресурстарға бай, Еуропа және Азия арасын қосатын бірегей трансконтинентальды географиялық жағдайға ие екенін белгілеп, бұл ЕАЭО дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын және аймақтық не ғаламдық мағынада транспорттық-логистикалық жол бағдарын жасау мүмкіндігін атап өтті. Еуразияда бүгінгі экономикалық белсенділіктің жаңа полюсі қалыптасып, ол келешекте дүниежүзілік дамудың қозғағыш күші мен қайнар көзіне айналмақ, және бұл үрдіс ЕАЭО-ның өзге экономикалық одақтар мен мемлекеттермен ынтымақтасуға ашықтығы аясында өтіп жатыр.

Халықаралық сарапшылар, сонымен бірге, «East Forum Berlin» беделді дискуссиялық алаңның жұмысына тұрақты қатысатын Қазақстанның белсенді рөлі мен ашықтығын атап өтті. Олардың пікірінше, Қазақстан Республикасы өзінің тұрақты экономикалық және сыртқы саясаты, қолайлы инвестициялық имиджі арқасында шетел капиталын, жаңа технологияларын, жұмыс күшін тартатын ЕАЭО орталығына айналуда.

Ведомство хабарлағандай, «East Forum Berlin» халықаралық конференциясы – тығыз экономикалық қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін ашық талқылау мақсатында ТМД, Орталық, Оңтүстік-Шығыс және Батыс Еуропа саяси қайраткерлер мен іскер топтардың тұрақты кездесулерін ұйымдастыратын сұхбаттық алаң. Оның ұзақ мерзімді мақсатында Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі аумақта еркін экономикалық кеңістікті қалыптастыру міндеті қойылған. 




Дерекнама

Яндекс.Метрика