Ұлтаралық бірлік

Ақтөбеде ҚХА 20 жылдығына арналған халықтар достығы фестивалі өтті

Ақтөбеде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан – достықтың мекені» атты облыстық фестиваль өтті. Шараны осы облыстағы ҚХА хатшылығы, облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлады аймақтың ішкі саясат басқармасы.
Ақтөбе23 Сәуір , 09:11

«Ұлтаралық келісім – біздің басты жетістігіміз. Біздің этномәдени бірлестіктеріміз бен олардың басшылары Қазақстанда тұратын халықтардың арасындағы достық пен келісімді нығайтуға үлес қосып келеді. Дәстүрлі облыстық фестиваль рухани бірлік мәселесін насихаттайды. Осындай  шаралар арқылы біз дарынды шығармашыл ұжымдарды анықтап, жаңа жұлдыздарды жарыққа шығарамыз»,-деді фестивальдің ашылу рәсімінде облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы  Назира Табылдинова.   

Хабарламада достық фестиваліне қатысушылардың және этномәдени бірлестік әншілерінің 16 тілде ән шырқағандықтары айтылған. Онда қазақ, орыс тілдеріндегі әндермен қатар сыған, болгар, татар, поляк, еврей және өзге де халықтардың тілінде де әсем әндер әуелеген. Сондай-ақ түрлі ұлт өкілдерінің шығармашылық ұжымдары түрлі қойылымдар қойған. Бүгінде таңда этнобірлестіктердің шығармашылық ұжымдары аймақта өте танымал. Олардың арасында республикалық тіпті халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттары бар. Тоғыз шығармашылық ұжымға «халықтық», «үлгілі» атақтары берілген.  

Фестиваль аяқталған соң үздік ұжымдар алғыс хаттармен және құнды сыйлықтармен марапатталды. Олар 1-мамыр күні Қазақстан халқының бірлігі күніне орай еліміздің Тұңғыш Президенті саябағында өтетін гала-концертте өнер көрсетеді.

 

  




Яндекс.Метрика