Парламент

Сенат комитетінде Жерді қашықтықтан зондтау халықаралық құжаты қаралды

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында халықаралық құжаттар қаралды, деп хабарлады Сенат.
Астана қаласы 23 Сәуір, 14:03

Сенатта «2009 жылғы 6 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Хаттаманың мақсаты Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешенін жасау жөніндегі жобаларды іске асыру аясында француз тарапы атқаратын жұмыстар мен қызмет көрсетулерге салынатын қосымша құн салығын төлеуден босату болып табылады. Бұл мемлекет іске асыратын инновациялық жобалардың құнын азайтады, соған сәйкес, республикалық бюджеттің қазіргі кездегі ауыртпалығын төмендетеді, сондай-ақ жобаның ақтау мерзімін қысқартады.

Келісімге 2009 жылғы 6 қазанда қол қойылды.Француз тарапын қосымша құн салығынан босату мәселесі Республикалық бюджет комиссиясында қаралды және оң қорытынды берілді.Француз Республикасының Президенті Ф.Олландтың өткен жылғы желтоқсандағы мемлекеттік сапары аясында Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы осы Хаттамаға қол қойылған болатын. Құжат Палатаның қарауына жіберілді.

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика