Ұлттың денсаулығы

Алыс және жақын шетелдердің жетекші мамандары қазақстандық онколог-дәрігерлер үшін шеберлік-сабақтарын өткізеді

Алматыда өкпе обыры проблемаларыжөніндегі халықаралық конференция өз жұмысын бастады.
Алматы қаласы23 Сәуір , 14:36

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлағандай, шара аясында Франция, Италия, Түркия, Израиль, Ресей және Өзбекстаннан келген жетекші мамандар қазақстандық онколог-дәрігерлер үшін шеберлік-сабақтарын өткізеді.   Іс-шараны Алматы онкологиялық орталығы «Обырға қарсы бірге» қоғамдық қоры, Қазақстан Республикасы Бірінші Президентінің қоры және Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.

Конференция барысында өкпе обыры профилактикасы, ауруды хирургиялық жолмен емдеудегі инновациялық қадамдар, таргеттік және радиациялық терапия, оның ішінде интраоперациялық радиологияның жаңа мүмкіндіктері, сондай-ақ, оңалту және паллиативтік көмектің қолданбалы мәселелері талқыланады.

Іс-шараға қатысушылар өкпе обырының басты себебі ретінде темекі тартумен күрестегі халықаралық тәжірибемен танысады. 

Алыс және жақын шетелдерден келген мол тәжірибелі, беделді мамандар өзекті тақырыптар бойынша дәрістер оқып, отандық онколог-дәрігерлерге шеберлік-сабақтарын өткізеді.   

Конференция онколог-дәрігерлер, торакальды хирургтер, сәуле және химиотерапия саласының мамандары, дәрігер-резиденттер сияқты кең көлемдегі мамандарға арналған.

Айта кету керек, өкпе обыры онкологиялық өлім-жітім себептері ішінде бірінші орында тұр. 2013 жылы өкпе обырына шалдыққан 3756 адамның 2989-ы қайтыс болды (100 мың адамға шаққанда 17,6). Науқастардың 57,6% бір жыл ішінде қайтыс болса, 5 жылдық өміршеңдік 15%-дан кем. Көп жағдайларда ауру кеш анықталып, жасалған емнің нәтижесі аз болады.      




Яндекс.Метрика