Ұлттың денсаулығы

Литвалық және украиналық педиатрлар астаналық әріптестерімен тәжірибе алмасуда

№2 қалалық балалар ауруханасы базасында Литвадан келген екі маман Астананың педиатр-дәрігерлерін жұмыс орнында көрсетілетін тәлімгерлік арқылы педиатриялық қызметті дамытуға бағытталған менторлық бағдарлама бойынша оқытуда.
Астана қаласы23 Сәуір , 11:36

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлағандай, шара мақсаты – жарақат алған, қимыл-қозғалыс аппараты, омыртқа ауруларына шалдыққан және түрлі дәрежеде күйік алған балаларды емдеуде инновациялық әдістер енгізу болып табылады.

Оқытуды Вильнюс университетінің Сантаришкес балалар ауруханасының мамандары: Литва Республикасының құрметті дәрігері, омыртқа өзгергенде, жамбас буыны тайғанда және сал ауруы кезінде хирургиялық емдеудің Литвада негізін қалаушы, профессор Санюкас Кестутис және осы клиниканың күйік аурулары бөлімінің меңгерушісі, Литва хирургтары қоғамының және Балтық елдері хирургтары қоғамының, Еуропаның балалар күйігі клубының мүшесі, профессор Дайнюс Гележаускас жүргізеді.

Сонымен қатар, Литвадан келген мамандар астаналық дәрігерлермен бірлесіп, күйік және травматология бөлімдерінде ем алып жатқан балаларды қарап, кеңес береді. 

Сондай-ақ, №1 қалалық балалар ауруханасында менторлық бағдарлама бойынша оқыту өткізілді. Оған Украинаның (Харьков қ-сы) Медициналық ғылымдар ұлттық академиясының В.Т.Зайцев атындағы Жалпы және жедел хирургия институтының мамандары шақырылды. 23 наурыз бен 21 сәуір аралығында украиналық дәрігерлер астаналық педиатр мамандармен бірлесіп, науқас балаларды күн сайын қарап, кеңес беріп, ем жасады. Әсіресе, балалар реаниматологиясы мен қарқынды терапияға ерекше көңіл бөлінді.      




Дерекнама

Яндекс.Метрика